Қатерлі ісік ауруына шалдыққандарға қол ұшын созғысы келген ер бала шашын өсірген (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алты жастағы Кристиан МакФилами екі жарым жыл бұрын шашын өсіруге бел буады. Оны мектепте барлығы келемеждеп, кей кездері оны қыз деп ойлап қалатын.

Әйтсе де бұл жағдайлар оны ойынан қайтара алмады, ол алдына үлкен мақсат қойды - шашын 25 сантиметрге дейін өсіріп, қатерлі ісік ауруына шалдыққан балалар үшін жасанды шаш жасату.

Кристиан МакФилами екі жарым жыл бойы ұзын шашы үшін құрдастарының мазағына шыдап келді. Көбісі оның ұзын шашына қарап, «қыз» деп келемеждейтін.

2 жарым жыл өткен соң оның ата-анасы ұзындығы 25 см жеткен 4 бұрымды кесіп, қатерлі ісікке шалдыққан балаларға көмек көрсету орталығына тапсырады. Осы оқиғадан кейін оны мазақ қылғандар кешірім сұраған, деп жазады шетелдік БАҚ.