Қатерлі ісік скринингі: Қашан және кімдер өтуі тиіс
Мамандардың айтуынша, көбіне науқастың дерттен айығуы диагнозының қаншалықты ерте анықталғанына тікелей байланысты. Уақтылы белгілі болған ауруды емдеу де оңай.
Сондықтан, сырқатты ерте анықтау мүмкіндігі жыл сайын молайып отырғаны қуантады. Мәселен, 2022 жылы Алматы қаласы бойынша қатерлі ісікке жасалатын скринингтерге 825,7 млн. теңге бөлінген.
Атап айтқанда, 431,9 млн. теңге - сүт безі обыры скринингіне, 297,1 млн. теңге - жатыр мойны обырын анықтайтын зерттеулерге бағытталады. Ал, колоректальды обыр скринингіне 96,7 млн. теңге жұмсалмақ.
Скрининг дегеніміз не?
Скрининг – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді.
Скрининг арқылы қандай сырқаттарды анықтауға болады?
Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторлары. Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті. Глаукома (көз іші қысымы). Жатыр мойны, сүт безі, колоректальды обыр. В мен С вирусты гепатиттері. Ауруды ерте анықтау мақсатындағы тексерулердің басым бөлігі 30 жастан бастап жүргізіледі.
Сонымен қатар, профилактикалық тексерулерден 18 жасқа дейінгі балалар да өте алады. Оған баланың психофизикалық және жыныстық даму деңгейін бағалау, зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын анықтауға арналған тексерулер кіреді. Қандай да бір белгілер табылған жағдайда салалық маманға жолдама беріледі.
Профилактикалық тексерден өтуге жолдаманы кім береді?
Скринингтен өту үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден (терапевт) жолдама алу қажет. Жас мөлшеріне қарай бекітілген скринингтерден бірден өтуге болады.
Профилактикалық тексерлер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.
Скринингтен өту жиілігі қандай?
Скринингтік зерттеулердің кей түрі 5 жыл сайын, кейбірі – 2 немесе 4 жыл сайын жасалады. Бұл мерзім әр аурудың даму қарқынына қарай белгіленген.
Скрининг нәтижесін қалай білуге болады?
Скринингтік зерттеуден өткен пациенттер денсаулығынан қандай да бір белгілер табылған жағдайда салалық мамандардың консультациясына жіберіледі, қажет болғанда ем тағайындалады.