Қатерлі ісікті жеңіп, футболға оралдым – «Super Bol» командасының жалғыз гол салушысы сұхбат берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін елордада «Super Bol» әуесқой футболшылар командасы кәсіби жастар құрамасына қарсы ойнаған еді. Жолдастық кездесу 1:6 есебімен аяқталды. «Super Bol» атынан жалғыз гол салған Әділет Қожатаевтың тағдыры талай жанға өнеге боларлықтай, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әділет Қожатаев 2003 жылы Талдықорғанда дүниеге келген, Алматы қаласында туып-өскен. Ол 17 жасында қатерлі ісікке шалдығып, ауруды еңсеріп, футболға қайта оралған жігерлі жан.

«Футболмен бала кезден шұғылдандым. Ес білгелі үлкен футболға, Лионель Месси секілді әлемдік деңгейдегі спортшыларға қызығып өстім. Осылайша, 5-сыныпта «Қайрат» футбол клубына жазылдым. Арасында жалқаулығымнан үзіліс алған кездер де болды. Бірақ 9-сыныпта алдағы өмірімді тек футболмен байланыстырамын деген нық сенім болды. Бірақ, 2020 жылы 17 жасымда қатерлі ісік табылды. Сонда үмітім үзілген еді», - дейді Ә. Қожатаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Қажетті ем алған соң, Әділет екі жыл бұрын футболға қайта оралған.

«Себебі футбол мен үшін жай спорт емес, тұтас өмірім іспеттес. Қазір кезең-кезеңімен дәрігерге тексеріліп отырамын, денсаулығым жақсы. Достарым менің футболға қызығатынымды жақсы біледі, «Super bol» туралы хабарламаны бірден жіберді. Бұл жоба маған үлкен үміт берді. Бапкеріміз Евгений Яровенкодан көп нәрсе үйрендік, ол футбол әлемінде әкеміздей болып кетті. Еліміздің барлық қаласынан жиналған команда жаңа бауырларыма айналды», - дейді спортшы.

Әділет Қожатаев ойынның 88-минутында гол салып, қарымта қайыра алды. Ойын есебі 1:4 болды.

«Шынымды айтсам, гол салу мен үшін маңызды болмады. Себебі командамыз ұтылып жатқан еді. Ал мен ең алғашқы мақсатым - бапкерімнің үмітін ақтап, жеңіске жету болды. Дегенмен бүгінгі ойынға жан досым мен сүйікті қызым тосынсый жасап, Астанаға келіп, маған жанкүйер болды. Олардың қолдауы ерекше маңызды болды. Алдағы уақытта да футболмен шұғылданғым келеді. Арманым - «Қайрат» клубында ойнау», - дейді Әділет Қожатаев.

Айта кетейік, «Super Bol» - 16-23 жас аралығындағы жігіттер арасында таланттарды іздеуге бағытталған әлеуметтік-спорттық реалити-шоу. Жобаның басты мақсаты - әуесқой футболшыларға өз армандарын жүзеге асыруға және кәсіби келісімшартқа қол қоюға көмектесу.

4-30 мамыр аралығында жоба скауттары мен жаттықтырушылары кастинг өткізіп, Қазақстанның 14 қаласын аралады. Оларға 16000-нан астам үміткер қатысып, үздіктері финалдық кастингке шақырылды.

Бұл ойынға шетелдік жетекші клубтардың 20-ға жуық скауты келді. Демек, «Super Bol» ойыншылары өздерін көрсетіп, шетелдік футбол клубтарына жолдама ала алады. Бүгінгі матчтың басты мақсаты да осы.

Сондай-ақ жас спортшыларды қолдауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, танымал боксшы Серік Сәпиев, Freedom Holding корпорациясының төрағасы Тимур Турлов келді.