Қатерлі ісіктің алдын алу үшін уақтылы скринингтен өту қажет
«Қазіргі уақытта сүт безі обыры, жатыр мойны обырының барлық кезеңдегі анықталуын алатын болсақ, бес жылдық өмір сүру деңгейі 70% және одан да көп. Ерте кезеңде анықталған болса, бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді. Түрлі локализацияларда 5 жылдық өмір сүру пайызы да әртүрлі, бірақ ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым жақсы емделетіні анық», - дейді онколог дәрігер.
Оның айтуынша, Алматыда бүгінгі күні скринингтік зерттеулердің компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонанстық томография (МРТ), позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ), эндоскопиялық зерттеу, генетикалық тестілеу және басқа әдістерінен бастап онкологиялық ауруларды диагностикалау секілді заманауи, басқа да әдістер қолданылады.
«Қазақстанда скринингтік тексерулер – мемлекеттік бағдарлама. Бағдарлама сүт безі обырын, жатыр мойны обырын, тоқ ішек пен тік ішек обырын ерте анықтау үшін онкологиялық скринингті қарастырады, себебі бұл қатерлі ісіктердің жиілігі жоғары. Скрининг тіркелген жер бойынша емханада тегін жүргізіледі», - деді Нұрсұлтан Ізмағамбетов.
Алматы қаласы №11 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Айнаш Тілеубекқызының айтуынша, жыл соңында учаскелік емхана желісі скринингтік тексеруден өтетін контингенттің тізімін қалыптастырады.
«Жаңа жылдан бастап учаскелік медбикелер медициналық ақпараттық бағдарлама арқылы жас ерекшелігіне қарай скринингтен өтуі қажет адамдарды шақырады. Сондай-ақ, емханада жыл басында барлық науқастар өтетін дәрігерге дейінгі және тексеру кабинеті бар. Мұнда медбике науқастың жасына сәйкес скрининг туралы хабарлайды. Егер пациент келіссе, скрининг сол бөлмеде жүргізіледі. Өкінішке қарай, барлық пациенттер скринингке келісе бермейді. Мұндай жағдайда медицина қызметкерлері бұл процедурадан өтудің маңыздылығын түсіндіреді. Біз қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтау жақсы емделетінін, кей жағдайларда толығымен емделетінін айтамыз», - деді Айнаш Тілеубекқызы.
Дәрігердің айтуынша, егер ауру ерте сатысында анықталса, емдеу көлемі азаяды, тиісінше хирургиялық араласу, химиотерапия және т.б. азаяды және емделуші емді жеңілірек қабылдайды, оның үстіне ерте кезеңде ағзаның қалпына келу ресурстары әлдеқайда көп болады. Қатерлі ісік ерте кезеңде еш белгісіз өтеді, сондықтан адам өзін толық сау сезінсе де, белгілі бір жас аралығында скринингтен өтуі қажет.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, тиімділігі дәлелденген қатерлі ісік скринингтері:
40-70 жастағы әйелдерде сүт безі обырының маммографиялық скринингі 2 жылда бір рет;
30-70 жас аралығындағы әйелдерде ісік алды және жатыр мойны обырына цитологиялық скрининг жүргізу 4 жылда бір рет;
50-70 жас аралығында, жасырын қан анализі, колоноскопия арқылы тоқ ішек және тік ішектің қатерлі ісігіне және ісік алды ауруларына скрининг 2 жылда 1 рет жасалады.
Фото: Алматы онкологиялық орталығы