«ҚР Мемлекеттік тілі - қазақ тілі - ұлы даланы мекен еткен байырғы қазақ халқы мен қазақстандық басқа да ұлт өкілдерінің тарихи тағдырын тоғыстырған, теңдік пен татулықты ұстана отырып, бейбіт қоғамды қалыптастыруға қол жеткізіп отырған бірден-бір ұлы рәмізі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор - мемлекеттік тіл. Қазақ халқының туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек», - деп, мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған орай, KATEV Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жалпы орта білім беретін мектептердің қазақ тобында және өзге ұлт топтарында оқитын 7-11-сынып оқушылары арасында «Жарқын болашақ» V республикалық «KATEV» қазақ тілі олимпиадасы өткізіледі», делінген баспасөз хабарламасында.
Шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны дамыту, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша ерекше дарынды оқушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ олимпиаданы өткізудің басты мақсаттарының бірі - қазақша сөйлеумен қатар, қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, ғылыми жұмыс қорғау, шығармашылық қабілетін көрсету, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жақсы меңгеру арқылы Қазақстанның «жарқын болашағы» үшін аянбай қызмет ететінін көрсеткен нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жастарға ерекше қолдау көрсету болып табылады.
Олимпиадада оқушылардың қазақ халқының тілі, әдебиеті, салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті секілді ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру, тұлғаның өз-өзін дамытуына және қабілетін ұштауға ықпал ету міндеттеледі.
Биыл бесінші рет өткізіліп отырған «Жарқын болашақ» олимпиадасының ақтық бәсекесі (финал) сәуірдің 5-6 аралығында Астана қаласында өтеді. Жалпы «Жарқын болашақ» олимпиадасы үш кезеңнен тұрады:
1 кезең - аудандық кезең (желтоқсан-қаңтар айларында өтеді);
2 кезең - облыстық кезең (ақпан-наурыз айларында өтеді);
3 кезең - республикалық кезең (финал).
Бұдан бөлек, олимпиада аясында 5 конкурс бар: «Тілші әдебиетшілер», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Сөз шеберлері», «Жазушылар».
Әрбір бағыт бойынша Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады. Олар «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ олимпиаданың ең жоғары нәтиже көрсеткен 11-сынып оқушыларына Сүлейман Демирел университетінің гранты табыс етіледі. Бағыттар бойынша орын алған оқушылардың мұғалімдері грамоталармен марапатталады.