Катонқарағай ауданында өзен арнасынан шығып, ауылды су баса жаздады
15:30, 15 Желтоқсан 2023
Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында үйлерді су басу қаупі сейілді, деп хабарлайды Kazinform.
Кеше Катонқарағай ауданындағы Өрел өзені арнасынан асып, су 3 үйге кіріп, 9 үйдің ауласына жайылған болатын.
Соған байланысты арнайы техникалар жұмылдырылып, мотопомпалармен су сорылып, сыртқа шығарылған.
Құм салынған қаптардан бөгеттер қойылып, өзен арнасын қар-мұздан тазарту жұмысы қолға алынды.
«15 желтоқсан сағат 14.00-де Өрел өзенінің арнасы қар-мұздан толықтай тазартылды. Үйлер мен аулаларды су басу қаупі жоқ», — дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.
Еске салсақ, Өрелдегі су деңгейінің көтерілуіне күннің күрт суытуына байланысты өзен арнасына мұз қатуы себеп болған.