Катонқарағай ауылындағы әуежай күрделі жөндеуден өтуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ауданының орталығына әуе қатынасын қалпына келтірудің келешегі туралы мәлімет берді.

Фото: Pixabay

«Катонқарағай ауылының солтүстік-шығыс бөлігінде 1982 жылы салынған бұрынғы әуежай кешені бар. Әуежай іргелес жер учаскесімен «Шығыс Қазақстан облысының авиациялық бөлімшесі» шаруашылық жүргізу құқығы бар коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі. Нысан тікұшақ техникасына арналған алаң және жанармай құю станциясы ретінде пайдаланылады. Әуежайдың қазіргі техникалық жай-күйі азаматтық авиацияның қолданыстағы талаптарына сәйкес келмейді, тұрақты ұшуларды қалпына келтіру үшін әуежайды толық реконструкциялау қажет. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Көлік министрлігімен бірлесіп, осы мәселені Ұлттық инфрақұрылымдық жоспардың жобасына енгізу мүмкіндігін пысықтап жатыр», - деп жазылған ресми мәліметте.

Министрлік мәліметі бойынша, биыл Балқаш қаласындағы әуежайдың рульдеу жолы мен перронына күрделі жөндеу жүргізілмек.

«Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру көздері анықталды. Бұдан басқа, Үржар, Үшарал, Зайсан және Арқалық қалаларында әуежайлар салу және реконструкциялау мәселесінің орындылығы бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген жауапта.

Бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында әуежай салу мәселесі қарастырылып жатқанын бірнеше рет айтқан болатын.