Катонқарағай тауларындағы өртті сөндіру жалғасып жатыр

Фото: Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында Берел орманшылығының аумағындағы өртті сөндіру жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігі сайтына сілтеме жасап.

Өрт жартасты, таулы, жетуі қиын жерлерде тұтанған. 1 700 метрден астам биіктікте шамамен 3 гектар аумақта жекелеген ағаштарды шарпыды.

Орманшылар мен өрт сөндірушілер атпен және ШҚО әуе бөлімшесінің МИ-8 тікұшағының көмегімен жану орнына жетті.

«Қазавиаорманқорғау» МИ-2 тікұшағы әуеден жағдайды үнемі қадағалап отырады.

Қорғаныс министрлігінің Ми-171 және ШҚО әуе бөлімшелерінің МИ-2 тікұшақтары өрт ошақтарына әуеден 19 рет су рет көлемі 50 тоннаға жуық су төкті.

155 орманшы, өрт сөндіруші және жергілікті атқарушы органдар, 13 техника және 3 тікұшақ сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.