Өрт теңіз деңгейінен шамамен 1400 метр биіктікте орналасқан, жетуі қиын таулы аумақта шыққан. Тілсіз жауды ауыздықтауға ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің, орман шаруашылығының, ұлттық парктің және авиацияның күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында барлығы 78 адам жұмыс істеуде. Оның ішінде 54 орман шаруашылығы қызметкерінің 19-ы атпен жүр.
- Өртті сөндіру операциясына тартылған барлық әуе техникалары іске қосылды. «Қазавиақұтқару» АҚ-ның су төгу құрылғысымен жабдықталған ЕС-145 тікұшағы төрт рет су шашып, жалпы көлемі 2400 литр суды төкті. Семей қаласынан ұшқан Ми-8 тікұшағы өрт ошағына жалпы көлемі екі тонна болатын екі су сыйымдылығын жеткізіп, күштер мен техниканы тасымалдауды қамтамасыз етті. Таңғы сағат 03:30-дан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің тікұшағы да жұмысқа кірісті, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Экипаж өрт ошағына 45 десантшыны жеткізген. Өрт ошағына ең жақын су көзі – Маралды көлі шамамен 30 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, әрбір ұшу айтарлықтай уақытты талап еткен.
- Соған қарамастан экипаж сегіз мәрте су төгіп, Ақбұлақ өзені маңындағы аумақта өрттің таралуын оқшаулауға және оның ары қарай жайылуына жол бермеуге мүмкіндік жасады. Авиацияның жұмысы кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасты. Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша ашық жалын ошақтары тіркелген жоқ. Қазір мамандар өрттің жекелеген учаскелеріне су шашып, шеткі аумақтарын өңдеу жұмыстарын жүргізуде және жалынның қайта тұтануына жол бермеу үшін тәулік бойы мониторинг ұйымдастырылған, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО ормандарында жаз шыққалы бері 30-ға жуық өрт тіркелгені хабарланған.