Негізінен объективке іліккені – сібір таутекелері. Олар режиссерсіз түсірілген, көкпен таласқан асқар таулардағы «телехикаяның» негізгі қаһармандарына айналып отыр.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлерінің мәліметінше, бұл жолы алынған 70-тен астам бейнематериалдың басым бөлігінде таутекелері бейнеленген. Кадрлар олардың қыс мезгіліндегі белсенді тіршілігі мен жуырда өткен күйлеу кезеңінде түсірілген.
– Кейде бұл жай ғана бақылау емес, нағыз телехикая сияқты әсер қалдырады. Өзіне баурап алатын басты кейіпкер, айлакер қарсыластар да бар, - дейді парк мамандары.
Бейнематериалдардың бірінде алғаш рет бір кадрда сібір таутекесі мен ҚР Қызыл кітабына енген сирек құс – Алтай ұлары қатар түсірілген. Ғалымдардың айтуынша, мұндай сәттің ғылыми құндылығы өте жоғары.
Фототұзақтар әдеттегі даладағы бақылау барысында тіркеу мүмкін емес сәттерді көруге мүмкіндік береді. Қысқы түсірілімдер таутекелердің табиғаттың қатаң кезеңіндегі өмірімен тұспа-тұс келген. Әдетте бір топта ересек аталық, бірнеше аналық және өткен жылғы төлдер болады.
Сарымсақты және Алтай Тарбағатайы жоталарында орнатылған фототұзақтар жыл бойы үздіксіз жұмыс істейді. Олар күйлеу кезеңін, көшу бағыттарын, жануарлар санын нақтылауға ғана емес, түз тағыларын қорғау жұмыстарының нәтижесін көруге де мүмкіндік береді.
Ұлттық парк өкілдері бұл кадрлардың жай ғана әсем көрініс емес, ғылыми және даладағы тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Алдағы уақытта да олар шынайы әрі сирек кездесетін осындай әсерлі сәттермен бөлісуді жалғастырмақ.
Еске салсақ, осыған дейін Ертіс орманынан қыста қандай құстарды кездестіруге болатыны туралы жазғанбыз.