— Бейнежазбаға қарасаңыз, орман ішіндегі нағыз балабақшаны көргендей боласыз: екі аналық және айналасында бір топ торай жүр. Олар су жиналған лайлы шалшықтың маңында еркін жүріп, табиғи тіршілігін жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.
Ұлттық парк баспасөз қызметінің мәліметінше, қабандар үшін мұндай лайлы шалшықтар дене қызуын реттеуге, ыстық күндері салқындауға және түрлі жәндіктерден қорғануға көмектеседі. Сондықтан мұндай орындар жабайы шошқалардың табиғи мекен ету ортасының маңызды бөлігі.
Парк қызметкерлері мұндай кадрлар жабайы жануарлардың тіршілігін бақылап ғана қоймай, олардың популяциясының жай-күйін бағалауға мүмкіндік беретінін айтады.
Бұл жолы фототұзақ объективі нағыз «орман балабақшасын» түсіріп алған. Кадрларға қарағанда, екі аналық қабанның да төлі көп. Мамандар мұны ұлттық парктегі жабайы шошқа популяциясы үшін жақсы белгі деп бағалап отыр.
– Фототұзақ материалдары жануарлардың табиғи ортадағы мінез-құлқын олардың тіршілігіне араласпай бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай бақылаулар аумақтың биоалуантүрлілігін мониторингілеуде маңызды рөл атқарады, – деп атап өтті ұлттық парк өкілдері.
Катонқарағай ұлттық паркі еліміздегі ең ірі табиғатты қорғау аумақтарының бірі болып қала береді. Мұнда жануарлардың ондаған түрі мекендейді, олардың көпшілігі адам көзіне өте сирек көрінеді. Сондықтан фототұзаққа түскен әрбір жаңа кадр Шығыс Қазақстанның жабайы табиғатының құпия тіршілігіне ашылған терезе іспетті.
Айта кетейік, бұған дейін Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы аумағында аса сирек кездесетін қабылан фототұзаққа түскен болатын.