Катонқарағайда пайдаланылмаған жер учаскелері мемлекет меншігіне өтті

АСТАНА. KAZINFORM — ШҚО прокуратурасы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтарды. Бұл туралы өңірлік прокуратура мәлім етті.

Фото: АШМ

Катонқарағай ауданының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымсыз пайдалану фактілерін анықтады.

— Жалға алушылардың шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге арналған жерлерді бір жыл бойы өз мақсатында пайдаланбағаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша жалпы ауданы 2092,6 га, кадастрлық құны 17,7 млн теңгені құрайтын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды, — делінген хабарламада.

Жер ресурстарының нысаналы пайдаланылуы мәселелері прокуратура органдарының ерекше бақылауында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында жыл басынан бері жалпы аумағы 5,1 мың гектар болатын 13 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған болатын.