Катонқарағайда жұмысшылар адамның бас сүйегі мен көне заттарды тапты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы Аққайнар ауылында жұмысшылар археологиялық олжаға тап болды. Су құбырын тарту үшін қазу жұмыстарын жүргізіп жатқан экскаватордың күрегіне адамның бас сүйегі мен тұрмыстық қолданысқа арналған заттар іліккен. Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Ғалымжан Қиясбек жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Берел қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп жүрген Ғалымжан Қиясбек хабар түсісімен бір топ адаммен бірге сол орынға аттанған.

«Берел қорымында қазбадамыз. Бүгін аяқасты телефон қоңырауы шыр етті. Катонқарағай ауданы Аққайнар (Чернова) ауылында су құбырын тартып жатқан экскаваторшы күрегіне кісі сүйегі мен тағы бір заттар ілігіпті. Бес қаруымызды асынып 5 адам, жоқ 6 адам зу ете қалдық: Елдос Қариев (ШҚМУ), Самат Самашев (тарихи-әскери музей. Астана), Сергей Викторұлы (Петербор), мен және ШҚМУ-дың екі студенті: Сұңғат пен Түлек. Барсақ, адамның бас сүйегінің жоғарғы бөлігі мен қола қазанды және темір бұйымның сынықтарын ақ матаға жинап қойыпты. Қола қазан сақ-скиф (іскус) кезеңіне жататын, әдейі іздеп жүріп, қазып жүріп таба салатын дүние емес! Өте тамаша олжа! Осындай дүниелердің ғылыми археологиялық қазбалардан емес, кездейсоқ қазбалардан табыла кететіні қалай қызық!», - деп жазды ғалым.



Мамандар кездейсоқ табылған орынды одан ары тазалап, қазба жасай бастаған.

«Кісі сүйегі жер бетінен 20-30 см-дей ғана тереңдікте жатқан болып шықты! Жер бетінде ешбір үйіндінің ізі де қалмаған. Сол маңайда тұрып жатқан ауыл адамдарының айтуынша, қазір құбыр салынып жатқан көше дәл жолдың үсті болмай тұрған жылдары (20-30 жыл бұрын, тіпті одан да ертеректе) бір үйдің орны болған, бау-бақша болған жер екен. Біз қазу барысында расында сақ адамының сүйектерінің біразы сол ертеректе орнынан қозғалып, қопарылған, жан-жағы құрылыс қалдықтары мен мал сүйектері сияқты қоқысқа толы болып шықты. Оба үстіндегі үйігі, тіпті қабір шұңқырының біраз бөлігі сол талай жылдардан бергі жерді игеру кезеңдерінде қырып алынып, жұқарып кете берген сыңайлы. Қалған қабірді қазу барысында бір емес екі кісіні қатарынан басын батысқа қаратып қойғаны анықталды», - деп жазды ол. 

Су тарту жұмыстары аяқ асты археологиялық қазба орнына айналған жерде ғалымдар әлі де жұмыс істеуде.

«Сондықтан алда тағы жағымды жаңалықтар болады деп үміттенеміз», - дейді Ғалымжан Қиясбек.

 

Фотолар: Ғ.Қиясбек

Соңғы жаңалықтар