«Баукеспелерге тоқтау болмай тұр»
Табиғаттың бар тамашасын бойына сіңірген Катонқарағай ауданының бұл ауылы да туристер көптеп келетін жер.
Себебі Шыңғыстай — қаламның құдіретін, сөздің қасиетін паш еткен қазақтың классик жазушысы Оралхан Бөкейдің кіндік қаны тамған мекен.
Алайда бүгінде ауыл іші толқып, халық ашуға булығып тұр. Оған себеп — мал ұрлығының тыйылмауы.
— Ауылда 2013 жылдан бері мал ұрлығы белең алып кетті. Бұрын мал иесі мен ұры бір-бірімен татуласып, істі полицияға жеткізбейтін. Осылай ұры-қарылар көбейіп, құныға берді. Сондықтан дәл биыл ғана ұрлық өршіп кетті деуге келмес. Одан кейін халық арасында полицияның істі тіркемейтінін айтып жатқандар бар. Сөйтіп, әбден ашынған халық жанайқайын Президентке үндеу ретінде жеткізуге мәжбүр болды, — дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәнібек Қызыр.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ер адам өзі жұмыс істеген қожалықтың 20-ға жуық жылқысын ұрлағанын жазғанбыз.