Қатты аязға байланысты Петропавл ЖЭО-2 күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр

Фото: СҚО әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының энергожүйесі аяздың күшеюіне байланысты екі аптадан бері күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеп жатыр.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл ЖЭО-2, Солтүстік Қазақстан электржелістік тарату компаниясы және Петропавл жылу желілерінің жауапты қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Апатты жағдайларға жол бермеу үшін жабдықтарды аралау және аса маңызды тораптарды тексеру саны артқан.

- Тұтынушылар белгіленген жылутасымалдағыш параметрлеріне сай жылумен қамтамасыз етіліп жатыр. Отын қоры мәселесі ерекше назарда. 26 қаңтардағы жағдай бойынша 200 мың тоннаға жуық көмір қоры бар. Бұл негізгі отынның нормативтік қорынан шамамен 64 мың тоннаға артық. Ал мазут қоры – 1 900 тонна, белгіленген норма 300 тонна, - деді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Анатолий Казановский.

Сондай-ақ жедел әрекет ету үшін Солтүстік Қазақстан электржелістік тарату компаниясы және Петропавл жылу желілерінде апаттық-қалпына келтіру бригадалары күшейтілді. Арнайы техника тәулік бойы кезекшілікке қойылып, жылы бокстарға орналастырылды. Бұл технологиялық ақаулар туған жағдайда хабарламалар бойынша жылдам әрекет етуге және электр мен жылу жеткізудегі ықтимал үзілістердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Фото: СҚО әкімдігі

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жылу-электр орталығында болып, жағдайды көрді.

- Қазіргі уақытта станцияда 10 қазандық пен 7 турбоагрегат жұмыс істеп тұр. Қалада жылыту маусымы 3 түтін мұржасымен басталды. Жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Жылумен қамтамасыз ету көрсеткіштері белгіленген талаптарға сай. 2025 жылы облыс көлемінде 12,6 шақырым жылу желісі, 1 520 шақырым электрмен жабдықтау желісі қайта жаңғыртылып, 227 қосалқы станциясына реконструкция жүргізілді. Бұның барлығы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр, - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Фото: СҚО әкімдігі

Бүгінде СҚО бойынша 484 қазандық жұмыс істейді. Қыстан қысылмай өту үшін 562 мың тонна көмір қоры дайындалған.

Бұған дейін Өскеменде электр желілеріндегі апат салдары жойылып, үйлерге жылу берілгенін жазған едік.