Қатты жаңбыр салдарынан СҚО-да көлік қозғалысына шектеу енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жол жабылып, балама бағыттар ұсынылды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметі.

Фото: Артем Викторов/Kazinform

— Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылғы 10 қыркүйек күні сағат 19:00–ден бастап қатты жауын-шашын мен көлік қозғалысының артуына байланысты «Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0–30 шақырымында (Тимирязево ауылы мен Қостанай облысы шекарасы аралығы) барлық көлік түрлері үшін қозғалыс шектелді, — делінген хабарламада.

Қостанай қаласынан Тимирязев ауданына жету үшін келесі республикалық маңыздағы автожолдарды пайдалануға болады:

  • KAZ03: «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай (айналып өту жолы) — РФ шекарасы (Қайрақ өткізу бекеті)» (553–768 км аралығы);

  • KAZ13: «Жезқазған — Арқалық — Петропавл» (673–786 км аралығы);

  • KZ15-05: «Волошинка — Сергеевка — Тимирязево» (56–119 км аралығы).

Айта кетейік, қозғалысты қайта қалпына келтіру 2025 жылғы 11 қыркүйек күні сағат 19:00–де жоспарланып отыр.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында екі полиция қызметкері зардап шеккен оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.