Қатты аязға байланысты 13 өңірде трассалар жабылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатты аязға байланысты 13 өңірде трассалар ішінара жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазАвтоЖолдың-ға сілтеме жасап.

«10 қаңтар сағат 21:45-тегі ақпаратқа сәйкес еліміздің 13 өңірінде қатты аязға байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 52 учаскесінде қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді. Қозғалыс дизельмен жүретін жүк және қоғамдық көліктер үшін ғана тыйым салынды.

Бұл шара республикалық маңызы бар автожолдарда штаттан тыс жағдайларды алдын алуға мүмкіндік береді. Ұлттық оператор республикалық автожолдарды пайдаланушылар үшін 120-дан астам жылыту пунктін дайындады», - делінген компания мәліметінде.

Жол жұмысшылары тәулік бойғы күшейтілген режимге көшірілді. Қазір қысқы күтіп-ұстау жұмыстары, соның ішінде республикалық трассаларға құм-тұз қоспасын шашу үздіксіз жүргізіліп жатыр.

Қосымша ақпарат алу үшін ҚазАвтоЖолдың тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталығына «1403» нөмірі бойынша хабарласуға болады.

Еске салайық, «Қазгидромет» РМК 11 қаңтарда бірнеше өңірде аяз көтерілетіні туралы ескерту жариялаған болатын. Жекелеген өңірде ауа температурасы 41 градусқа дейін төмендейді.