«Қатыгездік қанымызға сіңіп бара жатқан жоқ па?» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 қазан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Отырыста Үкімет тарапынан әзірленген Ұлттық қауіпсіздіктің 2012-2016 жылдарға арналған стратегиясының жобасы талқыланды. «Егемен Қазақстан» газетінің атап өтуінше, Қазақстан Президенті өз сөзінде осы стратегиялық құжаттың аясында бейбітшілік пен келісімді сақтауға, қазақстандық қоғамды тұрақты және орнықты дамытуға, мемлекет пен экономиканы одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерді бейтараптандыруға мүмкіндік беретін, орта мерзімді кезеңге есептелген кешенді шаралар қабылдаудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлау органдарының жұмысына баға беріп, орын алған проблеманы атап көрсетті және олардың қызметін жетілдіру, соның ішінде Қазақстан басшылығын жедел және сапалы ақпараттандыру мәселелері жөніндегі негізгі бағытын анықтап берді.

«Магнитудасы 7,2 балл болған жер сілкінісінен зардап шеккен түріктің Ван провинциясына Қазақстаннан гуманитарлық көмек артқан ұшақ келіп жетті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 27 қазанда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы ұшағы Түркияның зиян шеккен аймағына ең қажетті гуманитарлық жүктен тұратын, оның ішінде 600 орындық 60 қыстық шатыр, 60 жылытқыш пеш, 300 көрпе, 300 матрас, азық-түлік және т.б. заттарды жеткізді.

***

Қазақстан көшбасшысы халқымыздың ата кәсібі - ауыл шаруашылығына бас көңіл бөліп отыр. Болашақта бүкіл әлемнің де басқасының бәрін жиып қойып, аграрлық салаға басымдық беруі ғажап емес. Бұған Елбасының байламынша, адамзат санының күрт артуы итермелейтін болады. Шынында, күні кеше БҰҰ-ның Халықтар қоныстануы қоры қазан айынының 30-ынан 31-іне қараған түні Жер планетасының 7 миллиардыншы тұрғыны туылатындығы жөніндегі есебін жариялады. Осы кезден бастап, адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз ету үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Қазақ елі бұған қазірден қауырт дайындалуда. Қазақстанның қандай дайындықтар жүргізіп жатқанын білгіңіз келсе, «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Қазақстан астық экспорттаушы 10 елдің қатарына енеді» деген мақалаға көз салыңыз.

***

Қазір қоғамда не болмай жатыр? Адам өлтіру, тонау, қарақшылық жасау, зорлау секілді қатігездік әрекеттердің барлығы орын алуда. Тіпті үлкендерді қойып, жастардың арасында да болмашы нәрсе үшін бірін-бірі пышақтап кету, атып кету, асып кету секілді жантүршігерлік оқиғаларды да жиі еститін болдық. Осы жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінің жұма күнгі санында «Қатыгездік қанымызға сіңіп бара жатқан жоқ па?» деген тақырыппен берілген. «Әртүрлі полигондардың кесірінен, «Байқоңыр» ғарыш айлағы секілді космодромдардың, ауаға улы газдар бөліп шығаратын зауыттардың салдарынан адамзаттың генетикалық құрылымдары өзгеріп, денсаулығы мен мінез-құлқына әсер етуде», - деп жазады басылым.

«Соңғы жылдары ипотека нарығында болған қиыншылықтар Қазақстанның осы саладағы ұстанымын түбегейлі өзгертті. Ел үкіметі енді жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту стратегиясына көшті. Әрине, осы уақытқа дейін ипотека алған біраз үлескердің мәселесі шешілді», деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Үлескердің үлесін қайтару қажет» деген тақырыптағы мақаласында. Дегенмен басылымның атап өтуінше, мемлекеттің көмегінен тыс қалған үлескер азаматтар әлі күнге дейін көптеген проблемаға тап болып, екінші деңгейлі банктердің алдындағы қарызын кепілдікте тұрған үйлерімен өтеуге мәжбүр.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Сеул қаласында (Корея Республикасы) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастаған делегация Азия сайлау органдары ассоциациясы Бас ассамблеясының жұмысына қатысты. Азия сайлау органдары ассоциациясы (АСОА) 1998 жылы құрылған. Оның мақсаты Азиядағы демократиялық үдерістерді, Азия елдерінің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, ақпарат және тәжірибе алмасу, сайлауларды байқау, сайлауға әкімгершілік ету мәселелері бойынша консультациялар өткізу арқылы кеңейту болып табылады. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы үш мерзімге осы ұйым кеңесінің құрамына енді.