Катюшадан Уралға дейін: Өскемендегі ескі техникалар қойылған ретро-музейден фоторепортаж

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскеменде ашылған Ретро-музей алғашқы күннен-ақ халықтың отбасымен келетін жеріне айналғандай. Бір жерде әкесі баласына ескі көліктің қалай жұмыс істегенін түсіндірсе, енді бір жерде келушілер «Катюшаның» алдында ұзақ аялдайды. Kazinform тілшісі музейге барып, фоторепортаж жасап қайтты.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Солжағалау саябағы аумағында орналасқан ашық экспозицияда өткен ғасырдың әскери және азаматтық техникасының 28 үлгісі қойылған.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Мұнда танк, зеңбірек, броньды автомобиль, мотоцикл, жүк және жеңіл көліктер бар.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Музейдің ерекшелігі — техниканы әйнек астынан емес, ашық кеңістікте көруге болады. Сондықтан олардың көлемі мен құрылымын жақыннан сезінуге мүмкіндік бар.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

«Катюша» — экспозицияның басты техникаларының бірі

Кіреберісте бірден көзге түсетін экспонаттардың бірі — БМ-13 «Катюша».

ЗиС-6 жүк автомобилінің шассиіне орнатылған бұл реактивті артиллериялық жүйе соғыс жылдарындағы ең танымал қарулардың біріне айналды. Бір дүркін атқанда 16 реактивті снаряд жіберіп, 8,4 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысанаға тигізе алған.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Бүгінде ол музей аумағында тұр. Бірақ жанына барып қарағанда, техниканың ауқымы бірден байқалады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

«Катюшаның» қасында тұрған ЗиС-6 жүк көлігі де кездейсоқ таңдалмаған. Дәл осы модель соғыс жылдарында реактивті қондырғыларды орналастыру үшін пайдаланылған көліктердің бірі болды.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Танктен зениттік зеңбірекке дейін

Экспозицияда 1942 жылғы Т-60 жеңіл танк те бар. Соғыс жылдарында ол барлау, жаяу әскерді қолдау және байланыс міндеттерін атқарған.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Балалардың танкке деген қызығушылығы ерекше. Бірі шынжыр табанына үңілсе, енді бірі мұнарасына қарап, ата-анасына сұрақ қойып жатыр.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Ал 45 мм М-42 танкіге қарсы зеңбірегі соғыс техникасының басқа қырын көрсетеді. Салмағы 625 келі болатын қару брондалған техникаға қарсы қолданылған.

Жақын тұрған кезде оның қарапайым көрінетін құрылымының артында сол кезеңдегі әскери инженерия жатқанын аңғаруға болады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Экспозициядағы БА-64 броньды автокөлік те назар аудартады. Ол барлау, байланыс және жаяу әскер бөлімдеріне қолдау көрсету үшін пайдаланылған. Тасжолда сағатына 80 шақырымға дейін жылдамдықпен жүре алған.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Соғыстан кейінгі кезеңнің «Уралы»

Әскери техниканың арасынан таныс «Урал» мотоциклі де көзге түседі.

М-72 негізінде жасалған бұл мотоцикл бүйір тіркемесімен бірге 330 келі салмақ тартып, 260 келіге дейін жүк көтере алған. Кейін мұндай техника бейбіт өмірде де жолсыз жерлерде пайдаланылды.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Сондықтан музейдегі көліктер тек соғыс тарихын емес, өткен ғасырдағы күнделікті өмірді де еске салады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Мұнда ГАЗ-67Б жол талғамайтын көлігі, ГАЗ-М-1 жеңіл автокөлік және басқа да кеңестік техника үлгілері бар.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Экспозицияда шетелдік техника да кездеседі. Атап айтқанда, ленд-лиз арқылы КСРО-ға жеткізілген америкалық Studebaker жүк көліктері мен Diamond T 980 ауыр жүк тартқышын көруге болады.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Тарихты экраннан емес, көзбен көру

Музей аумағында жүргенде келушілердің реакциясы бір нәрсені аңғартады. Осындай техниканы суреттен көру бір бөлек, жанына барып көру мүлде басқа әсер.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Әсіресе балалар үшін бұл тарих сабағының өзгеше формасы. Олар техниканың атауын ғана біліп қоймай, оның көлемін көріп, құрылымына үңіліп, ата-анасына сұрақ қояды.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Ал ересектер үшін экспозиция өткен ғасырдың техникасын еске түсіретін орынға айналған.

Фото: Ботакөз Кенжеханқызы/Kazinform

Бір алаңда тұрған «Катюша», Т-60, БА-64, М-42, «Урал», ЗиС-6 және америкалық техникалар бірнеше тарихи кезеңді бір жерге жинағандай әсер қалдырады.

Бұған дейін әскери-патриоттық орталықтан фоторепортаж ұсынған едік.