Қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерімізді аямаймыз – ҚР Президенті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қазақстан мен БҰҰ арасындағы серіктестікке 30 жыл толады. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл Қазақстан мен БҰҰ арасындағы серіктестікке 30 жыл толады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюына БҰҰ зор үлес қосты. Осы аралықта біз ЭКОСОС пен Адам құқықтары жөніндегі кеңестен бастап Қауіпсіздік Кеңесіне дейінгі Ұйымның барлық негізгі органдарында БҰҰ Жарғысында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс істедік. Болашақ ұрпақ игілігі үшін жауапты басшылыққа мұндай қажеттілік бұрын-соңды болмаған. Өткенді еске алу бізден болашағымыз үшін жауапкершілікті талап етеді. Сіздермен бірге біз қауіпсіз, орнықты және дамыған жаһандық қоғам құру жолында бар күш-жігерімізді аямаймыз», - деді Мемлекет басшысы.



Фото:akorda.kz