«Қауіпсіз паром» республикалық акциясының қорытындысы шығарылды

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтары бар паромдар мен қалқымалы өткелдердің пайдаланылуына жол бермеу мақсатында «Қауіпсіз паром» атты екі апталық акция өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш ведомство баспасөз қызметінің дәрегінше, қазіргі кезде республика бойынша 40 паромдық және қалқымалы өткелдер тіркелген. Акция барысында 19 паром және 15 қалқымалы өткел тексерілді. Тексеру нәтижесінде 11 паромдық және 5 қалқымалы өткелдер техникалық жарамсыз жағдайда деп танылып, оларды пайдалануға тыйым салынды. Қауіпсіздік талаптарын бұзушылықты жою жөнінде 17 нұсқама берілді және 42 390 теңге сомасында айыппұл салынды.

Шығыс Қазақстан облысында навигация ашылмағандықтан, «Қауіпсіз паром» акциясын көрсетілген өңірде өткізу навигация ашылғаннан кейін жүзеге асырылады. Навигацияның ашылуы кеме жүзетін су жолдарының учаскелеріне байланысты ағымдағы жылдың 4 - 21 мамыр аралығында жоспарланып отыр.

«Қауіпсіз паром» республикалық акциясы 2010 жылғы 8 сәуірде Астана қаласында Көліктік бақылау комитетінің «2010 жылғы навигацияда кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында республикалық мемлекеттік қазыналық су жолдары кәсіпорындары, «Кеме қатынасы тіркелімі» мемлекеттік мекемесі, өңіраралық көліктік бақылау инспекциялары басшыларының және ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығы комитеті өкілдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесінде жарияланды.

Сонымен бірге, навигацияның ашылуымен өңірлерде «Кеме қатынайтын көпір» республикалық акциясы басталды.

Акцияның мақсаты көпір және ішкі су жолдарындағы өзге де гидротехникалық құрылыс иелерінің кемелер жақындаған кезде олардың кедергісіз және қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, арна табанын тазалау және тереңдету жұмыстарын өткізу бойынша міндеттерді, сонымен бірге «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де талаптарды сақтауына бақылауды жүзеге асыру болып табылады. «Кеме қатынайтын көпір» акциясының қорытындысы ағымдағы жылдың 1 маусымында шығарылады.

Қазіргі кезде Көліктік бақылау комитеті Флоттағы апаттылықтың алдын алудың 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.