«Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында жүргізуші куәлігінен айырылған 841 адам анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында жүргізуші куәлігінен айырылған 841 адам анықталды. Бұл жайында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол-көлік оқиғаларын азайту, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу үшін 17 мамырдан бастап елімізде «Қауіпсіз жол» алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында қозғалыс қауіпсіздігі үшін автожолдардың апатты-қауіпті учаскелері мен жөндеу жұмыстары орындары да қосымша тексеріледі. Патрульдік полицияның мақсаты – жол көлік оқиғаларының негізгі себептерінің алдын алу», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жылдамдық режимін бұзу, басып озу, маневр жасау, қиылыстар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту, мас күйінде көлікті басқару және тағы басқа құқық бұзушылықтарды анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтілді.

«Жол қозғалысын қадағалау кезінде бір апта ішінде 49 мыңға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолы кесілді. Оның ішінде көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған 841 жүргізуші анықталды. Полиция жылдамдықты асырғаны үшін 7 мыңнан астам жүргізушіні, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 300-ден астам, апатты жағдай жасағаны үшін 600-ден астам және бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өткені үшін 1 143 жүргізушіні жауапқа тартты», - деді ресми өкіл.

Сонымен қатар Нұрділдә Ораздың айтуынша, қоғамдық жолаушылар көлігі жүргізушілері жол берген 776 ереже бұзушылық анықталды. Оның 687-сі заңсыз қайта жабдықтау фактісі болса, 56-сы ереже бұзушылық рейс алдындағы техникалық тексеруден өтпегені бойынша тіркелді. Автожолдардың 7 мың шақырымнан астам апатты-қауіпті учаскелері тексерілді. Сондай-ақ 1 197 жол белгілері қойылды.