Халыққа есеп беруі кездесуінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осындай ақпарат берді.
«Жекелеген өңірлерде техногендік апат қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Өткен жылы қауіпті өндірістік нысандарда 28 апат тіркелді. Тау-кен орнында – 4, металлургия кешендерінде – 2, көмір кәсіпорнында – 1, мұнай-газ кәсіпорнында – 1, геология нысанында – 1, магистральдық құбыр объектілерінде – 1, қазандық шаруашылығында – 5, газ шаруашылығында – 2 және көтергіш құрылыстарда – 11 апатқа жол берілген. Зардап шеккен 28 адамның 13-і қайтыс болды», - деді министр.
Оның айтуынша, келеңсіз жағдайлардың негізгі себептері – өнеркәсіптік қауіпсіздік ережесінің бұзылуы, қолданыстағы жабдықтардың тозуы, өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі болып отыр.
«2020 жылы бір 1,5 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан тексерілді. Оның 949-ы жоспар бойынша, 565-сы жоспардан тыс жасалды. Солардың қорытындысы бойынша қауіпсіздік шарасын бұзудың 26 808 фактісі анықталды. Оның ішінде адам өміріне тікелей қауіп төніп тұрғандықтан, 280 нысанда жұмыс уақытша тоқтатылды», - деген ведомство басшысы биылғы I тоқсанда 359 тексеру жүргізіліп, 48 нысанның жұмысы тоқтатылғанын айтты.
«Республика бойынша 9157 өнеркәсіп кәсіпорны қауіпсіздік бойынша бақылауда тұр. Бұл нысандардың құрамына жерасты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, металлургия, химия және мұнай өңдеу зауыттары, магистральдық құбырлар, газбен жабдықтау жүйелері сияқты 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысан кіреді. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін биыл заңнамаға түзетулер енгізілді. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау енгізіліп, жабдықтарды жаңарту бойынша талаптар күшейтілді», - деді Юрий Ильин.