Қауіпсіздік кеңесінде жаңа ақпараттық және талдау бөлімдері құрылатын болады - М. Тәжин

А. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінде жаңа  ақпараттық және талдау бөлімдері құрылатын болады.

Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысынан кейін журналистерге ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

 «Қауіпсіздік кеңесінің қызметін жетілдіруге қатысты айтатын болсақ, Президент бүкіл әлем жаһандық деңгейде, өңірлік деңгейде соншалықты салмақты өзгерістерге ұшырап жатқан қазіргі заманғы жағдайда стратегиялық жоспарлуға, стратегиялық болжамға жауапты құрылымның ролі айтарлықтай ұлғаятынын атап көрсетті.

Қауіпсіздік кеңесі ұлттық қауіпсіздік мәселесімен байланысты Президентің басты саяси органы болып табылады. Сондықтан Президент Қауіпсіздік кеңесінің, соның ішінде оның аппаратының қызметін жетілдірумен және нығайтумен байланысты тапсырмалар берді. Қауіпсіздік кеңесінің жанынан жаңа ақпараттық және жаңа талдамалық бөлімшелер құрылатын болады», деді брифингте М. Тәжин.

 Оның сөзіне қарағанда,  Қауіпсіздік кеңесінің ведомствоаралық комиссиясының қызметі біршама басқаша құрылатын болады. «Жалпы айтатын болсақ, Мемлекет басшысы ұлттық қауіпсіздік саласындағы үйлестірушілік және болжамдық функциялармен байланысты мәселелерді Қауіпсіздік кеңесінде шоғырландыру мақсатында барлық тиісті мемлекеттік органдарға өте айқын және нақты тапсырмалар берді», деді М. Тәжин.