Қауіпсіздік пен сапа талаптарына сай келмейтін 366 млн. теңгенің тауары сатылымнан алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде қауіпсіздік пен сапа талаптарына сай келмейтін 366 млн. теңгенің тауары сатылымнан алынды. Бүгін Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысында Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев осылай мәлім етті.

Комитет басшысының айтуынша, ағымдағы жылы бизнесті тексеруге қатысты мораторий жарияланғаны белгілі. Дегенмен, жоспарлы жұмыс тоқтаған емес, бақылаулар арқылы техникалық регламенттің сақталуы тексеріледі. Ал бұл шараның аясында тауарлар сатып алуға жыл сайын 14 млн. теңге, ал оларды зертханалық сынауға 49 млн. теңге бөлініп жүр.

«Айталық, ағымдағы жылдың 9 айында 830 тексерулер жасалды, соның жартысынан астамында заңбұзушылықтар анықталып отыр. Сонымен қатар бұзушылықтарға қатысты 67 млн. теңгеге айыппұл салынса, 366 млн. теңгенің тауарлары сатылымнан алынды», - деді Комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні зертханалық базаны қалыптастыру үшін белгілі бір бағытта жұмыстар атқарылуда. Алайда, соған қарамастан зертханалардың барлығы бірдей қаржылық жағынан тиімді емес.

«Сондықтан да осы бағытта мемлекеттік қолдау барынша маңызды, әрі біз осыған орай ұсыныстар әзірлеп жатырмыз», - деді Б.Қанешев.