Қауіпсіздік талаптары толық сақталатын болса ел игілігі үшін бізде АЭС салуға болады - Чернобыль АЭС апаты құтқарушысы

АЛМАТЫ. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Чернобыль апатын жоюға қатысқан қазақстандықтардың қазіргі таңда 5 мыңға жуығы ғана қалды. Бұл туралы бүгін Ресейдің Алматыда Бас Консулдығында апат зардабын жоюшыларды марапаттау кезінде айтылды.

«Чернобыль АЭС-дағы апат зардабын жоюға 35 мың қазақстандық қатысты.   Құтқарушылардың қатарында мен онда Химиялық қорғау полкі құрамында 1988 жылдың қарашасынан 1989 жылдың наурызына дейін 6 ай әскери қызметте болдым. Оған дейін таксопаркте жұмыс жасағам», - дейді Әміржан Құттыбаев. Оның айтуынша, қазіргі таңда Алматыда 400-дей чернобылшы қалды. Олар жыл сайын 26 сәуірді, яғни апат болған күнді - қаралы күн ретінде, ал 7 желтоқсанды апат орнынан әскердің шығарылған күні ретінде атап  өтіп, құрбан болғандарды еске алып, рухына тағым етеді.

«АЭС апатының зардабын шегіп отырсам да, осыған қарамастан мен атомды бейбіт мақсатта қолдануды қолдаймын. Бәрін ойластырып, қауіпсіздік талаптарын сақтайтын болса, біздің елімізде де АЭС салуға болады. Энергетика саласында әлі күнге дейін әлемде АЭС-қа балама бола алатын бірде-бір энергия көзі табылған жоқ», - дейді Әміржан Бексүгірұлы.