Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және локомотивтерді жөндеу жұмыстарының сапасы жөнінде жиналыс өтті

АСТАНА. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат. Биылғы желтоқсанның 11-де Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде вице-министр А. Бектұровтың басшылығымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және локомотивтерді жөндеу жұмыстарының сапасы жөнінде жиналыс өткізілді,

деп хабарлайды ККМ баспасөз қызметі.

Жиналыста «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының бірінші басшылары: «Локомотив» АҚ президенті К. Таласбеков, «ҚамқорМенеджмент» ЖШС бас директорының орынбасары М. Әміров, қауіпсіздік департаментінің өкілі З. Шариков қатысты.

Жиналыс барысында теміржол көлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, локомотивтеді жөндеу жұмыстарының сапасы жөніндегі мәселелер талқыланды.

Теміржол қозғалысының және тасымалдау процесінің қауіпсіздігіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі өндірістің техникалық жабдықталуы мен жөндеу жұмыстарының сапасы болып табылады.

Көліктік бақылау органдары өткізген тексерулердің қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың 10 айында тартқыш жылжымалы құрамды күтіп-ұстау және пайдалану бойынша 244 локомотив тоқтатылды, локомотив шаруашылығында қозғалыс қауіпсіздігі бойынша 117 бұзушылық анықталды, оның ішінде 8 ерекше есептегі жағдай, 37 жағдай жұмыстағы ақаулыққа байланысты, 61 жағдай жұмыстағы қиыншылыққа байланысты, 11-і -  өзге жағдайлар.

Жасалған бұзушылықтар бойынша жүргізілген талдау жөндеу мекемелеріндегі жөндеу жұмыстарының төмен сапасын, жөндеуден өткен локомотив және олардың түйіндері мен агрегаттары сапасының нашарлау үрдісіне қарай тұрақты төмендеуін көрсетіп отыр.

Сонымен бірге техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеу себебі жөндеу мекемелерінде тиісті дайындықтың (қосалқы бөлшектердің, түйіндердің) жоқтығы болып табылады.

Анықтама:   

Локомотивті жөндеу сапасы бойынша бұзушылық «МАК Экибастуз» ЖШС-мен  («Паритет ПТФ ЖШС) жіберілді. Ағымдағы жылдың 12 маусымында Анар-Вишневка аралығында «Қарағанды-Астана» бағытымен келе жатқан № 855 электрпойызы доңғалақ жұптардың доңғалақ-моторлы блоктарының ақаулығына байланысты тоқтатылды.

2009 жылғы 13 тамызында 6-разъезде «Алматы-Маңғыстау» қатынасы бойынша келе жатқан № 378 жолаушылар пойызы доңғалақ жұбындағы буксалардың қызуына байланысты тоқтатылды. Бұл жағдайда ТО-6 көлеміндегі техникалық қызмет көрсетуді «Ғасыр Маңғыстау» ЖШС жүзеге асырған (подшипник құрсауының сынуы ТО-6 циклі бойынша техникалық қызмет көрсету кезінде анықталмаған кіші жарықшақтардың себебінен болған).

Алматы жол бөлімшесінің «Ақбалық» стансысында ағымдағы жылы локомотив бригадасының кінәсінен айқаспалы бұрмада тыйым салу сигналына жүріп өту бұзушылығы анықталды. Нәтижесінде тепловоз жолдан шығып кетті.

Ағымдағы жылдың 12 маусымында Павлодар жол бөлімшесі Екібастұз стансысында жылжымалы құрамның 14-жолдан шығып,  12-жолға келген маневрлік құраммен  соқтығысу оқиғасы  орын алды.