Рейд кезінде жол қозғалысы ережесінің сақталуы бақылауға алынып, әкімшілік айыппұлдарын төлемеген борышкерлерге қатысты шаралар қабылданды. Сонымен қатар жол инфрақұрылымының жай-күйі тексеріліп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы Астана полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Ең жиі қандай құқық бұзушылықтар анықталды?
Нұрлан Уваевтың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты — жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті күшейту.
Тоғыз күн бойы полиция қызметкерлері күшейтілген рейд жүргізіп, жол-көлік оқиғасына жиі себеп болатын құқық бұзушылықтарға басымдық берді. Атап айтқанда, мас күйінде көлік басқару, басып озу және маневр жасау қағидаларын бұзу, жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту талаптарын сақтамау, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережесін бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау және балаларға арналған арнайы құрылғыларды пайдаланбау деректері жіті бақылауда болды.
— «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша елордада жол қозғалысы ережесін бұзудың 4 600-ден астам дерегі анықталды, — деді Нұрлан Уваев.
Оның айтуынша, ең көп тіркелген құқық бұзушылықтар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзу мен қауіпсіздік белдігін тақпауға қатысты болды. Осындай 1 699 дерек тіркелді.
Сондай-ақ көлік тізгінінде ұялы телефон пайдаланғаны үшін 707 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 185 адам жүргізуші куәлігінсіз немесе көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған.
Айыппұл төлемеген жүргізушілерге қандай шара қолданылды?
Іс-шара барысында әкімшілік айыппұлдарын төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтауға бағытталған рейдтер де ұйымдастырылды.
— Рейд нәтижесінде 190 көлік айып тұрағына қойылып, 581 көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі алынды, — деді Нұрлан Уваев.
Оның сөзінше, бұл шаралар әкімшілік айыппұлдардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.
Жол инфрақұрылымынан қандай кемшіліктер анықталды?
Рейд барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар жол инфрақұрылымының жай-күйін де тексерді.
Осы кезеңде көше-жол желісінде 33 тексеру жүргізіліп, автомобиль жолдары мен жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын күтіп ұстау бойынша 72 кемшілік анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін 13 нұсқама беріліп, жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізілді.
Сонымен қатар жол жөндеу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған мердігер ұйымдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 630 және 631-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Акция аясында жол инфрақұрылымын жетілдіруге және қозғалыс қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылды. Осы кезеңде жер қазу жұмыстары жүргізілетін учаскелерге арналған жол қозғалысын ұйымдастырудың 11 схемасы қаралып, көлік ағынының өзгерісі ескеріліп, 17 учаскеге жол таңбасы салынды. Бұдан бөлек, көше-жол желісінің 9 учаскесіндегі шұңқырлар жөнделіп, жолдың өткізу қабілетін арттыру және қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту мақсатында үш бағдаршамның жұмыс режимі қайта реттелді.
Нұрлан Уваевтың айтуына қарағанда, рейд барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналған жадынамалар мен ақпараттық буклеттер таратылып, түсіндіру акциялары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін сақтау жөніндегі бейнероликтерді қоса алғанда 151 ақпараттық-түсіндіру материалы әзірленіп, жарияланды. Қазір бұл материалдар қоғамдық көліктерде, тұрғын үй кешендерінің лифтілерінде және елорданың ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында көрсетіліп жатыр.
Сөз соңында Нұрлан Уваев жол қозғалысы ережесін сақтау әрбір жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты екенін атап өтіп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Еске салайық, 25 тамыздан бастап «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне еніп, жүргізушілерге қойылатын талаптар мен жекелеген құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтіледі.