«Қауіпсіз жол»: Қызылордада екі аптада 5 мыңға жуық құқық бұзу дерегі анықталды

Фото: Фото: Қызылорда облыстық полиция департаменті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – ІІМ-нің нұсқауына сәйкес жол жүрісі қағидаларын бұзудың алдын алу және анықтау мақсатында 19 сәуір мен 19 мамыр аралығында елімізде «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. 

Іс-шараның 13 күнінде Қызылорда облысында 4 986 құқық бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзудың 373, белгіленген тәртіппен тіркелмеген көлік құралын басқарудың 131, заңсыз қайта жабдықтаудың 85, қауіпсіздік белдігін тақпау және тасымалдау қағидаларын бұзудың 946, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 153 фактісі тіркелді. 

– 226 адам көлік тізгінінде ұялы телефонмен сөйлескен, 214 көлік міндетті техникалық тексеруден өтпеген, 153 жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермеген, 47 жүргізуші мас күйінде руль тізгіндеген. Ал 542 адам жаяу жүргіншілер жолағынан өтпеген, 32 жүргізуші авариялық жағдай туғызған, - делінген Қызылорда облыстық полиция департаментінің хабарламасында. 

Сонымен қатар 540 автокөлік айып тұрағына қойылып, 161 автокөліктің қозғалысын шектеу мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмір белгілері алынды. 

Осы орайда қызылордалық полицейлер барлық санаттағы көлік жүргізушілерін жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, жол-көлік оқиғаларын жасамауға, өзінің және әрбір жаяу жүргіншінің өміріне жауаптылықпен қарауға шақырады.

Бұған дейін «Қауіпсіз жол» іс-шарасының небәрі екі күннде Қызылорда облысында 132 көлік айып тұрағына қойылып, 52 автокөліктің мемлекеттік нөмірі алынғанын жазғанбыз.