Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Украинаға қатысты ұсынған қарарын қабылдады

Фото: Фото: БҰҰ

АСТАНА. KAZINFORM – Украинаға қатысты қарар жобасында «Ресей Федерациясы мен Украина арасындағы қақтығыс кезінде адамдардың қайғылы қазасына» өкініш білдіріліп, «жанжалды тез арада тоқтатуға» үндеу жасалды, деп хабарлайды «БҰҰ жаңалықтары».

«Украина мен Ресей Федерациясы арасында ұзақ бейбітшілік орнатуды» «табандылықпен шақыратын» қарарды он ел қолдады, қарсы шыққан ел болған жоқ, және бес ел дауыс бергенде қалыс қалған. Бұл қақтығыс басталғаннан бері Қауіпсіздік кеңесінің Украинаға қатысты қабылдаған алғашқы қарары болды.

Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер ұсынған түзетулердің ешқайсысы – үшеуі еуропалық елдер және екеуі Ресейден – қабылданған жоқ. Кейбіреулері дауыстың жетіспеушілігінен болса, біреуі тұрақты мүшенің вето қоюына байланысты болды.

Бұған дейін дүйсенбі күні АҚШ дәл осындай қарарды Бас ассамблеяда дауысқа салды. Алайда ол Еуропа елдері ұсынған түзетулермен қабылданды.

Бұған дейін АҚШ президенті Трамп АҚШ пен Ресей арасында Украинаға қатысты келіссөздердің екінші раунды туралы айтты. 

Ол келіссөздердің 25-ші ақпан күні Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында, сол қалада бір апта бұрын болған бірінші раундтан кейін өтетінін хабарлады.