Министрлік елдегі өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті тексерістер жүргізеді. Жыл басынан бері 16 мыңға жуық объект тексеріліп, 100 мыңнан астам бұзушылық анықталған.
− Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп тудыратын өрескел бұзушылықтарға байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылды. Атап айтқанда, өртке қарсы автоматика жүйесінің болмауы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі, жұмысшыларды қызметке оқытып-үйретпестен, нұсқаулық жүргізбей жіберу, эвакуациялық шығу жолдарына кедергі келтіріп бітеп тастау сияқты өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуынан объектілердің 95%-ы тоқтатылды, − деді Ш.Әрінов Үкімет отырысында.
Жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам өрт-тактикалық оқу-жаттығулары мен сабақтары өткізілген. Әйтсе де, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан объектілерді тоқтату саны 4,5 есеге ұлғайған.
− Қауіпті өндірістік объектілерде анықталған бұзушылықтар көбінесе адам өліміне немесе жұмысшылардың жарақат алуына әкеп соғатын жазатайым оқиғалармен қатар жүреді. Биылғы қаңтар-мамыр аралығында мұнай-химия және тау-кен саласында 11жазатайым оқиға, қазандық және газ шаруашылығы, өсімдік шикізатын өңдеу объектілерінде 60-тан астам оқиға тіркелді. 22 жұмысшы жарақат алып, 15 адам қайтыс болды, − деді ТЖ министрі.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде өткен жылы еңбек жағдайындағы оқыс оқиғалардан 202 адам қаза болғанын айтқан еді.