Қай елдердің ядролық полигоны әлі күнге дейін қолданыста
09:10, 29 Тамыз 2023
Фото: Photo: freepik.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адамзат жасаған қарулардың ішінде ядролық бомбадан өткен зұлматы жоқ. Оны сынау үшін ХХ ғасырда әлемнің түкпір-түкпірінен ядролық алаңдар ашылды. Дүниежүзі бойынша 1945 жылдан бастап қазіргі күнге дейін 2 мыңнан астам ядролық сынақ өткізілді. Оның 90 пайызы АҚШ пен Кеңес одағының аумағында болды. Салдары ауыр зардаптарға әкелгенін көрген мемлекеттер уақыт өте бұл полигондарды жауып, жарылыстарды тоқтатты. Алайда, кейбір елдердегі сынақ алаңдары әлі күнге дейін қолданыста. Осы орайда, ҚазАқпарат агенттігі адамзат тарихындағы ең ірі ядролық полигондардың қай жерде орналасқанын және оларда қандай сынақтар өткенін назарларыңызға ұсынады.
Аламогордо полигоны (АҚШ)
Әлемдегі ең ірі сынақ алаңының бірі – Аламогордо. Ол АҚШ-тың Нью-Мексико штатының оңтүстігіндегі Аламогордо қаласынан шамамен 97 шақырым жерде орналасқан. Ядролық сынақтар дәуірі осы полигоннан бастау алады. Өйткені, дәл осы жерде алғаш рет 1945 жылы 16 шілдеде «Тринити» деп аталатын алғашқы ядролық қару сынақтан өтті. Кейін полигон тек әскери мақсаттар үшін, оның ішінде қарудың жаңа түрлерін сынау бағытында пайдаланылды. Бүгінде Аламогордо туристік нысан саналады. Мұнда жыл сайын 1 қазан мен 1 сәуір аралығында экскурсия өткізіледі.
Семей полигоны (Қазақстан)
Семей полигоны 1949 жылы алғашқы кеңес ядролық қаруын сынау үшін арнайы құрылды. Ол жер бетіндегі көлемі жағынан екінші ірі полигон еді. Онда қуаты бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсенал орналастырылды.
Жарты ғасыр бойы қазақ даласында атмосфералық, жерүсті және жерасты сынақтары өткізілді. Оның салдары полигоннан 18 мың шаршы шақырым жерді мекендеген 1,5 миллионға жуық қазақстандықтың денсаулығына теріс әсер етті. Еліміздің шығысында, бұрынғы Семей полигоны аумағында радиациялық ластану әлі күнге дейін сақталып отыр.
Тарихи деректерге сай, 40 жыл бойы республика аумағында 456 сынақ жасалды. Олардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 есеге асып түседі. Жалпы, осы уақытқа дейін бүкіл әлемде жасалған сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында жүргізілген.
КСРО ыдыраған соң, оның ядролық арсеналының едәуір бөлігі Қазақстанда қалды. Сол уақытта еліміз әлемнің төртінші ядролық державасы мәртебесінен өз еркімен бас тартты.
Атап айтқанда, 1991 жылы 29 тамызда Президент Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Ал 1993 жылы еліміз Ядролық қаруға тыйым салу шартына қосылды.
Невада полигоны (АҚШ)
Невада ядролық полигоны Лас-Вегас қаласынан 105 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол 3,5 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. 1951 жылдан бастап 1992 жылға дейін бұл жерде 928 ядролық сынақ өткізілді. 1986 жылы радиацияның алғашқы салдары анықталғаннан кейін полигонды жабу бойынша тұрғындар 530-дан астам наразылық акциясын ұйымдастырды. Оларға 37,5 мыңға жуық адам қатысты.
Дегенмен, 1992 жылдың 23 қыркүйегіне дейін полигонда жерасты сынақтары өткізіліп келді. Одан кейін мұнда жарылыс тіркелмеді. Бүгінде Невада ядролық полигонның әкімшілігі ай сайын аумақта турлар ұйымдастырады. Оған қатысуға ниеттілер бірнеше ай бұрын жазылады.
Новая Земля полигоны (Ресей)
Новая Земляполигоны Солтүстік Мұзды мұхиттың қатпайтын порттары орналасқан бөлігінде құрылған. Бұл орынды полигонға айналдыруға себеп болған фактордың бірі – халық санының аздығы. Құрылып жатқан 1954 жылы мұнда 400 ғана тұрғын болған.
Жалпы, 1955 жылдан 1990 жылға дейін полигонда 132 жарылыс болды. Оның ішінде 1961 жылы 30 қазанда осы жерде «АН602» деп аталатын ең ірі термоядролық бомба сынақтан өтті. Оның қуаты 58 мегатоннаға бағаланған. Сондай-ақ, 1969 жылы 14 қазанда Новая Земля полигонында апат болды. Онда жер бетіндегі жарықтан радиоактивті газ бен бу сыртқа атқылап, 344 адам зардап шекті.