Қай өңір мектептері карантин талабын жиі бұзады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ел мектептерінде карантин талаптарының сақталуына жүргізіліп жатқан мониторинг нәтижелерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Оқу жылының III тоқсанында 11 қаңтар мен 1 сәуір аралығында 5 213 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 575 мектепте карантин талаптарын бұзушылық анықталды. Бұл, еліміз бойынша 11,0% құрайды», - делінген ақпаратта.

Карантин режимінің талабын бұзатын мектептерде келесі фактілер анықталды:

- көп жағдайда таңертеңгілік тексеру– оқушыларды іріктеу жүргізілмеген;

- оқу орындарының қызметкерлері маска режимін сақтамаған;

- бірқатар мектепте арақашықтық белгілері қойылмаған;

- бөлмелерге ылғалды тазалау және залалсыздандыру жүргізу кестесі бұзылған;

- сыныптарда парталар арасындағы қашықтық сақталмаған;

- бактерицидтік шамдар, санитайзерлер мен залалсыздандыру құралдары жеткіліксіз;

- пайдаланылған маскаларға арналған қоқыс урналары жеткіліксіз.

Осы жылдың 16-22 сәуірі аралығында мониторингілік топтар мектептерге 439 тексеру жүргізген. Карантин талаптарын бұзушылық 80 мектепте анықталды, яғни 18,2% карантин режимі тәртібін бұза отырып жұмыс жасаған.

Мектептегі карантин талабын жиі бұзған өңірлер:

- Қарағанды облысы – 26 бұзушылық;

- Түркістан облысы – 15;

- Қызылорда облысы – 12;

- Шымкент қаласы– 9;

- ШҚО – 8.

«Анықталған барлық карантиндік, санитариялық-гигиеналық талаптарды бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес 99 тұлғаға жалпы көлемі 17 784 764 теңге әкімшілік айыппұл салынды», - делінген ведомствоаралық комиссия ақпаратында.