Қай тілде жазылмасын, ең үздік туынды - сол 7-ші қысқы Азия ойындарының әнұраны болады - Нұрлан Нұрғазин

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - 7-ші қысқы Азия ойындарының әнұраны қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде бола алады. Бірақ ол есте қалатындай, Қазақстан спортының жоғары деңгейін көрсете алатындай болуы керек. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында 7-ші қысқы Азия ойындарының әнұранына байқау ұйымдастыру комитетінің өкілдері айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Жеңіс Сейдоллаұлының айтуынша, шығарма қай тілінде болған жағдайда да ең бастысы - оның сөздері жағымды, тез жатталатындай болуы керек. «Мемлекеттік маңызы жоғары болғандықтан да барлық мүмкіншіліктерімізді салып оның «құлақтан кіріп, бойды алатындай» болып шығуына баса мән береміз», деді әнші.

«2011 жылғы 7-қысқы Азия ойындарын Ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ ақпараттық және имидждік қолдау маркетингі департаментінің директоры Нұрлан Нұрғазиннің айтуынша, әнұранда ұлттық нақыштарға көңіл бөлінеді. «Байқауды ұйымдастырушылардың шешімі бойынша, қай тілде жазылмасын, ең үздік туынды - сол әнұран болып табылады», деді ол.

5 минут көлеміндегі туынды төмендегі сынақтар бойынша анықталады:

  • - мәтін мазмұнының байқау шарттарына сәйкес келуі;
  • - шығарманың көркемдік дәрежесі;
  • - 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындары идеясының көрініс беру деңгейі.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпазға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындалған.