Бұған дейін 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанға медаль әкелуі мүмкін жас спортшылар туралы жазған едік.
Бұл жолы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиадада жүлде үшін таласуға әлеуеті жететін жас қазақстандық спортшылар туралы сөз қозғаймыз.
Осыдан он жыл бұрын 2016 жылғы Рио Олимпиадасында қазақстандық жүзуші Дмитрий Баландин алтын медаль жеңіп алып, әлем жұртшылығын таңғалдырған еді. Көпшілік мұндай нәтиже күтпегенімен, қазақстандық жанкүйерлер Баландиннің Олимпиадаға жеңіске үміткерлердің бірі ретінде барғанын жақсы білетін. Ол кезде әлем чемпионаттарының жүлдегері болмаса да, 2014 жылғы жазғы Азия ойындарында көрсеткен нәтижелері Лондон Олимпиадасының чемпиондары тіркеген уақыттармен шамалас, тіпті кейбірінен жоғары болған.
Әзірге жүзу спортында 2028 жылғы Олимпиадада Дмитрий Баландин секілді әлемді таңғалдырып, Қазақстанның сенімін ақтайтын жас талант байқалмайды. Дегенмен басқа спорт түрлерінде халықаралық деңгейде өзін танытып үлгерген, ересектер арасындағы беделді жарыстарда жарқырай бастаған жас таланттардың жаңа легі қалыптасып келеді. Олар алдағы Олимпиадада жоғары нәтиже көрсетуге негізгі үміткерлердің қатарында.
Семсерлесу
Қазақстандық жас семсерлесуші алдыңғы буыннан бір үлкен артықшылығы бар. Олар әлемдік рейтингтің көшбасшыларымен командалық жарыстарда тұрақты түрде сынға түсіп, тәжірибе жинап келеді. Ерлер құрамасы қазір әлемнің үздік сегіз командасының қатарында болғандықтан, жас спортшылар Кирилл Проходов, Ерлік Сертай, Никита Жулинский және Александр Федотов Франция, Италия және Венгрия секілді елдердің Олимпиада чемпиондарында өнер көрсетіп, жоғары деңгейдегі бәсекені меңгеріп отыр. Мұның нәтижесі де байқала бастады.
20 жастағы Кирилл Проходов – семсерлесу тарихындағы ең жас таланттардың бірі. Ол 2026 жылға дейін жасөспірімдер мен ересектер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында жүлделі орын алып үлгерді. Қазірдің өзінде оны Олимпиада чемпиондары үшін қауіпті қарсылас деп санайды.
2026 жылғы Азия чемпионатының командалық финалында Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасының чемпиондары әрі Париж Олимпиадасының күміс жүлдегерлері болған Жапония құрамасымен кездесті. Шешуші соңғы жекпе-жек дәл Кириллге сеніп тапсырылды.
Проходов жапон құрамасының көшбасшысы, Париж Олимпиадасының жеке сындағы чемпионы Коки Канномен сынға түсті. Ол Қазақстан құрамасының есебін сақтап, тіпті айырмасын ұлғайтып, командасына 45:40 есебімен алтын медаль алып берді.
Кирилл Проходов небәрі 18 жасында ұлттық құрама сапына шақырылды. Тәжірибелі спортшылар Руслан Курбанов, Эльмир Алимжанов және Вадим Шарлаимовпен бірге өнер көрсетіп, Қазақстан тарихындағы ересектер арасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы командалық жүлдені жеңіп алды.
2026 жылы Астанада өткен әлем кубогы кезеңінде Никита Жулинский ересектер құрамасының негізгі сапына еніп, команданың жартылай финалға дейін жетуіне үлес қосты. Финал жолдамасы үшін өткен кездесуде қазақстандықтар әлемнің екінші нөмірлі құрамасы Францияға есе жібергенімен, Никита тактикалық тұрғыдан сауатты әрі сенімді өнер көрсетті.
Александр Федотов Жулинский және Вадим Шарлаимовпен бірге 2026 жылғы әлем кубогында ересектер құрамасының негізгі ойыншыларының біріне айналды. Қазақстан құрамасы жарысты әлемдегі үздік төртінші команда ретінде аяқтады. Ал қола медаль үшін өткен тартысты кездесуде Жапония құрамасына 42:44 есебімен жол берді.
Бокс
19 жастағы Төрехан Сабырхан осы уақытқа дейін жастар арасындағы Азия чемпионатында төрт мәрте алтын медаль жеңіп алды. Мұндай жетістік тіпті бокс мектебі қалыптасқан мемлекеттердің өзінде сирек кездеседі.
Чемпиондық жүлдені Төреханға Геннадий Головкиннің өз қолымен табыстауы жас боксшы үшін ұмытылмас сәт болды. Мамандар бұны қазақстандық бокстағы буын сабақтастығының айқын көрінісі деп бағалады. Қазір Төрехан ересектер арасындағы бәсекеге бейімделіп, кәсіби бокстағы алғашқы жекпе-жектерінде де жеңіске жетіп үлгерді.
Әдетте ересектер деңгейіне ауысу кез келген жас спортшы үшін оңай болмайды. Соған қарамастан Төреханның бүгінгі өнері оның жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп отыр. Сарапшылар оны алдағы жылдары Қазақстан боксының жаңа буынын алға бастайтын, болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі санайды.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан 2025 жылы Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, бірден алтын медаль жеңіп алды. 19 жасында әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы қарқынын жоғалтпай, бапкерлерімен бірге дұрыс дайындық жүйесін сақтай алса, 2028 жылғы Олимпиададағы басты жаңалықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Нысана көздеу
2026 жылдың жазында Германияның Зуль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстанның қыздар құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Элеонора Ибрагимова, Мария Горун және Милана Папчихина командалық сында ел қоржынына тарихи алтын медаль салды.
Қазақстандық мергендер Олимпиада бағдарламасына кіретін трап жаттығуында 337 нысананы дәл көздеп, АҚШ пен Италияның мықты құрамаларын артта қалдырды.
2028 жылғы Олимпиадаға дейін әлі екі жыл бар. Осы уақыт аралығында спортшылар мен бапкерлері ересектер арасындағы бәсекеге тыңғылықты дайындалып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады.
Күрес (грек-рим және еркін күрес)
Соңғы жылдары United World Wrestling (UWW) ұйымдастыратын жастар арасындағы әлем чемпионаттарында қазақстандық балуандар тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Еркін күрестен 125 келіге дейінгі ең ауыр салмақта Едіге Қасымбек 2025 жылғы 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Ал грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта Исхар Курбаев 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы болды. Ол Еуропа мен Азияның мықты қарсыластарынан техникалық шеберлігімен ерекшеленіп, алтын медаль жеңіп алды.
Едіге мен Исхар жастар арасында өздерін дәлелдеп, спорт мамандарының назарын аудартты. Ендігі басты міндеті ересектер арасындағы халықаралық жарыстарда да осы қарқынын сақтап, жоғары нәтижеге қол жеткізу.
Көркем гимнастика
16 жастағы Ақмарал Ерекешева ересектер санатына ауысып, қысқа уақыт ішінде жоғары деңгейдегі нәтижелерімен көзге түсті. Ол соңғы айларда Қазақстан чемпионатында топ жарып, бірнеше ірі халықаралық турнирдің алтын жүлдесін жеңіп алды.
Ақмаралдың жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атануы Қазақстанның көркем гимнастика тарихындағы айтулы жетістік болды. Өйткені бұған дейін қазақстандық гимнаст қыздар әлем чемпионаттарында алтын медаль жеңіп көрмеген еді. Ол жетістікке 11 жылдық тынымсыз жаттығудың арқасында жетті.
Ересектер санатына өткеннен кейін де Ақмарал тәжірибелі қарсыластарының тасасында қалып қойған жоқ. Керісінше халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріле бастады. Ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарған ол кейін Афинада өткен халықаралық турнирде 109,700 ұпай жинап, алтын медаль иеленді.
Бішкекте өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында Ақмарал шығыршықпен жаттығу финалында қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Франциядағы Гран-при кезеңінде де қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, бұған дейін, спортшыларға сапар шығындарын өтеуге 2000 доллар көлемінде грант берілетінін хабарлаған едік.