Кая Каллас АҚШ-тан Украинаға көмек көрсетудегі «жүктемені бөлісуді» сұрады
АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақ АҚШ-тан Украинаға көмектегі жауапкершілікті бөлісуді талап етті, деп жазды DW.
— Біз президент Трамптың Украинаға көп көлемде қару жеткізу туралы мәлімдемесін құптаймыз, алайда АҚШ бұл жүктемені бөліскенін қалаймыз, — деді Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас Брюссельде ЕО-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің кездесуінен кейін.
«Егер сіз қару беруге уәде беріп, оны басқа біреу төлейді деп ойласаңыз, онда шын мәнінде қару бергенге саналмайды», — деп келтіреді AFP агенттігі Калластің Дональд Трампқа арнаған сөзін.
АҚШ президенті бұған дейін Еуропа елдерімен бірлесіп Украинаға Patriot зениттік-зымыран кешендерін, үлкен көлемдегі қару мен әскери техниканы жақын арада жеткізуге уәде берген болатын. Алайда бұл миллиардтаған доллар тұратын қаруды еуропалық НАТО елдері сатып алуы тиіс, делінген Трамп пен НАТО бас хатшысы Марк Рютте ұсынған келісімде.