***
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Айтылмаған ақиқат» атты көлемді мақала берілген. Ұлы Отан соғысының кейбір құпияларын арқау еткен бұл мақалада зерттеушілердің мәліметтері ұсынылып отыр. Дайындығы біршама жоғары болып, Батыстағы шекараға жайғастырылған кәсіби қызыл әскер соғыстың алғашқы айларында-ақ жаудың жойқын күшіне төтеп бере алмай қырылды немесе миллиондап тұтқынға түсті. «Олар бізге жолдастар емес» деген еңбегінде неміс зерттеушісі К.Штрайт фашистердің «Солтүстік», «Орталық» және «Оңтүстік» топтары 1941 жылдың 5 тамызынан 16 қарашаға дейінгі үш айда ғана 2 465 000 кеңес әскерін тұтқындағанын айтады. (Штрайт К., «Они нам не товарищи», М., «Русская панорама», 2009, с.87). Ал қаза болғандары қанша екенін ешкім әлі нақты айта алған жоқ. Кеңестік зерттеушілердің есебі бойынша алғашқы төрт айда тұтқынға түскендердің саны бұдан да артық.
Бас басылымда «SKIFNEWS.KZ» онлайн-газетінің бас редакторы Абай Балажанның «Қайдасыңдар, қазақ балуандары?» деген мақаласы берілген. «Күрес түрлерінен әлемде Қап тауы жігіттерінің алдына түсер ешкім жоғын қазір екінің бірі мойындайды. Бүгінде дағыстандықтар мен осетиндерді, шешендер мен ингуштарды Ресей құрамасын былай қойғанда кемі оншақты мемлекеттің ұлттық құрамаларынан кезіктіресің. Тау халқының өкілдері қазақ жігіттерінен мықты дегенге намыстанасың. Иә, Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ұрпақтары кавказдықтардың алдында қауқарсыз болып тұр. Намыстансаң да, ызаға булықсаң да бүгінгі шындық осы»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қазына іздеушілер қазақ жерін тонап жатыр» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Президент Н.Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында «жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру» міндетін қойды. Осыған орай ел Үкіметіне «Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын» әзірлеу туралы тапсырма жүктеді. «Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальділігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгіленуі керек» деді Елбасы. Бұл жаңа құжат «Мәдени мұра» бағдарламасын ауыстыратын болады. Кеше Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Тұжырымдама жобасы 1 шілдеге дейін дайын болатындығын мәлім етті.
Осы басылым Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың мәліметтерін келтіре отырып, Қазақстанның бас қаласы, өкінішке қарай, қылмыс деңгейі бойынша елімізде бірінші орынды иеленгенін жазып отыр. Астанада стратегиялық ғимараттар мен нысандардың, қалалық тіршілікті қамтамасыз етуші объектілердің және қоғамдық орындардың қауіпсіздігі күшейтілуге тиіс! Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қайрат Қожамжаров осындай нұсқау берді. Оның айтуынша, елордада ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризм көріністеріне, заңсыз көші-қонға қарсы тұрудың лайықты жүйесін құру өзекті болып отыр. Бұл жайында «Қылмыстың көбін келімсектер жасайды» деген мақаладан оқи аласыздар.