Кайдзен философиясы: өзгеріс кішкентай қадамнан басталады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінгі өзгерістер толқынында ұйымды алға жетелейтін ең маңызды ресурс – технология емес, адам. Қызметкерлердің құзыреттілігі мен ынтасы, үйренуге әзірлігі және үдерістерді жақсартуға ұмтылысы стратегияның қаншалықты тиімді болатынын белгілейді.
Осы идеяны Кайдзен философиясы ерекше атап көрсетеді. Бұл – үздіксіз жақсарту жүйесі, онда адам ең басты назарда. Кайдзен әр қызметкердің құндылығын көруге, бастамаларды дамытуға және үдерістерді біртіндеп әрі жүйелі түрде жетілдіруге үйретеді.
Кайдзен философиясы Астанада өткен Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы (МТАЖО) ұйымдастырған екі күндік тренингтің негізіне алынды. Оқыту ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басқару және сараптамалық бағыттағы қызметкерлеріне арнап әзірленді.
Тренингтің бірінші күні Кайдзеннің әлемдік методологиялардың бірі болуына себеп болған қағидаларды түсінуге арналды. Қатысушылар философия тарихын зерделеп, оның танымал болу себептерін талқылады және басты қағиданы қарастырды: жақсарту технологиядан емес, адамнан басталады.
Тренинг сапа мен тиімділіктің — қызметкерлердің күнделікті әрекеттерінің нәтижесі екенін көруге көмектесті. Талқылаулар мен мысалдар арқылы қатысушылар жеке бастаманың жалпы көрсеткіштерге әсерін және неге қызметкерлердің белсенділігі нәтижелі стратегияның негізі болатынын талдады.
Ерекше назар жасырын шығындарға аударылды. Дәл осы шығындар ұжымдардың дамуын жиі тежейді — жұмысты баяулатады, сапаны төмендетеді, ең бастысы қызметкерлердің мотивациясын әлсіретеді. Сондықтан қатысушылар тек шығын түрлерін ғана емес, өз тәжірибелерін бейнелейтін нақты жағдайларды да қарастырды.
Бірінші күннің екінші бөлімінде қатысушылар Кайдзенді әлемдік стандартқа айналдырған құралдармен танысты: Gemba, 5S, PDCA, стандарттау, «5 Неліктен». Басты ойдың түйіндісі: егер қызметкерлер үдерісте белсенді болмаса, ешбір құрал нәтиже бермейді.
Нағыз нәтиже методологияны іске асыратын адамдар арқылы туады. Интерактивті формат тыңдаушыларға құралдарды өз жұмысына бейімдеуге және олардың жауапкершілік пен командалық өзара әрекеттесу мәдениетін қалыптастыруға қалай әсер ететінін көруге мүмкіндік берді.
Тренингтің екінші күні тиімді стратегия қызметкерлердің бірлескен еңбегіне негізделетінін толық дәлелдеді.
Қатысушылар үдерістерді картографиялау арқылы құндылық ағынының картасын құрып, қызметтің негізгі кезеңдерін талдап, үдерісті жақсарту бойынша шешімдер іздеді. Командалық жұмыс әртүрлі көзқарастарды, тәжірибелерді және тәсілдерді біріктіріп, тұрақты өзгерістердің негізін қалыптастырды.
Қорытынды талқылау жоғары деңгейдегі қатысуды көрсетті: тыңдаушылар идеялар ұсынды, нәтижелерді саралады және Кайдзенді нақты жағдайда қалай қолдануға болатынын талқылады.
Адамдар Кайдзен философиясын, оның ішінде әдістерді және стратегияны түсінген кезде ғана нақты нәтижеге жеткізетінін айқындады. МТАЖО ұйымдастырған тренинг тек білім беру үшін ғана бағытталмаған, ол Кайдзен философиясы арқылы қызметкерлердің әлеуетін ашуға, сапа мәдениетін қалыптастыруға және адами факторына негізделген стратегия құруға қалай көмектесетінін көрсетті.
Кайдзен үлкен өзгерістер шағын қадамдардан басталатынын үйретеді. Ал бұл қадамдарды жасайтын — ынталы, саналы, белсенді адам.
«Кайдзен» арқылы баспананың бағасын 20-25 пайызға арзандатуға болатынын жазған едік.