Қайыңды көліне апаратын жол күзде пайдалануға беріледі
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының туризм басқармасы өңірдегі ең көрікті орындардың бірі – Қайыңды көліне баратын 10 шақырымдық автожолдың құрылысы туралы хабарлады.
Ведомство басшысы Қуанышбек Мирамбекұлының айтуынша, көлге апаратын аудандық маңызы бар жолды күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Учаскенің жалпы ұзындығы – 9,9 шақырым, мердігер мекеме — «Сервис НС» ЖШС.
Құны 2,43 млрд теңге болатын жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған. Ал негізгі жұмыстар жол жабынының сапасын жақсартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
– Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталды, ал аяқталуы 2026 жылдың қазанына жоспарланған, - деді ол.
Қайыңды көліне апаратын жол құрылысы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бұл мәселеге 2023 жылы «Қайыңды – Саты» тау жолында болған жол апатынан кейін ерекше назар аударылды. Ол кезде жолаушылар мінген автобус УАЗ автокөлігімен соқтығысқан болатын.
Қазір туристер Алматы облысының ең көрікті орындарының бірін көру үшін әлі де жол талғамайтын көліктермен қатынауға мәжбүр. Олар жолдың бір бөлігін ескі УАЗ көліктерімен еңсеріп, қалған бөлігінде жаяу жүреді.
2025 жылдың жазында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Қайыңды көліне баратын автокөлік жолы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленгенін айтқан еді.