Қайыңды көліне апаратын жолдың құрылысы 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Kazinform агенттігінің тілшісіне Қайыңды көліне апаратын жол құрылысы туралы айтып берді.

Қайыңды көліне жаңа жол салу мәселесі көптен бері айтылып келеді, әсіресе аталған жоба 2023 жылдың күзінде Қайыңды-Саты таулы жолында жолаушылар мінген автобус УАЗ көлігімен соқтығысқан қайғылы жағдайдан кейін қызу талқыланып жатыр. 

Жол 2024 жылы салынатыны белгілі болды.

Аудан әкімінің айтуынша, қазір Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталды.

— 12 шақырым жолдың 10 шақырымына жоба әзірледікдайындадық. Сондай-ақ жеке инвестор басқаратын автотұрақ салу жоспарда. Құжаттар мәслихаттың қарауына жіберілді. Облыс әкімі өзі қолдап отыр. Құрылыстың жалпы құны —2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр, — деді Нұрбақыт Теңізбаев.

Аудан басшысының сөзінше, жол құрылысы осы жылы басталады. Бұдан бөлек, электр желісін тарту жоспарда. Әзірге жоба әзірленіп жатыр.

— Электр желілеріне келетін болсақ, бұл жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп қойған. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатырмыз. Бұл біраз уақытты алады. Жұмыс аяқталғаннан кейін құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтеді. Жобаға сәйкес, ұзындығы 46 шақырым — Жалағаш ауылынан Көлсайға дейін электр желісін тарту қарастырылған, — деді Нұрбақты Теңізбаев.

Сонымен қатар, аудан басшысы жеке инвестор есебінен Көлсай көлінде электр қуатын өндіру жобасы қарастырылып жатқанын атап өтті. Қуаттылығы 2 мегаватт шағын су электр стансасын салуға уәкілетті органдардан қажетті рұқсат құжаттары алынды.

— Бұл электр қуатының көлемі аумақты тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ, әрине, бұл бір күннің ісі емес. Жұмыс басталып кетті, жоба дайын, қаражат бөлінді. Барлығын жүзеге асыру үшін бізге уақыт керек. Өздеріңіз білесіздер, бұл өңірде туризм бұған дейін соңғы жылдардағыдай қарқынды дамымаған. Мысалы, былтыр Көлсай көліне 400 мыңға жуық адам келген, бұл жоғары көрсеткіш, — деді Нұрбақты Теңізбаев.

Осыған дейін туристердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында қандай жобалар қолға алынғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ Алматы облысында Көшпенділер қалашығына жол салынатыны туралы жазған болатынбыз.