Наурызнама онкүндігінде 69 қайырымдылық іс-шара ұйымдастырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында Қайырымдылық күніне орай Қазақстанның түрлі өңірлерінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға және қоғамда қайырымдылық мәдениетін нығайтуға бағытталған акциялар өтті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шаралар Шымкент қаласында, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау, Павлодар, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарында және бірқатар қала мен аудандарда ұйымдастырылды. Жалпы саны 69 іс-шара өткізіліп, оларға 1 395 адам қатысты. Акциялар барысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және тыл ардагерлеріне нақты көмек көрсетілді.

Акциялар аясында мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері табысталып, тұрғын үйлердің ауласы мен маңайындағы аумақтарды қардан тазалау жұмыстарына қолдау көрсетілді. Сонымен қатар қайырымдылық концерттері ұйымдастырылып, одан түскен қаражат әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға бағытталды.

Іс-шараларға жастар ұйымдары, волонтерлік қозғалыстардың өкілдері және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері белсенді түрде қатысты.

Өткізілген бастамалар қоғамда қайырымдылық мәдениетін нығайтуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға, сондай-ақ мейірім, жанашырлық және аға буынға құрмет көрсету құндылықтарын дәріптеуге ықпал етті.

Бұдан бұрын Наурызнама аясында әскери қызметшілер қайырымдылық акциясын өткізгенін жазған едік. 

Сондай-ақ қазақ түсінігіндегі қайырымдылық қандай екенін мына материалдан оқуға болады.