Қайрат Әбдірахманов грузиялық әріптесімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Грузия вице премьер-министрі - Сыртқы істер министрі Михаил Джанелидземен кездесті, де хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Грузия барлық уақытта да өзінің дәстүрлі қонақжайлылығымен, жомарттығымен ерекшеленеді. Біздің елдеріміздің арасындағы саяси, іскерлік ахуал дәстүрлі достық, бауырластық қарым-қатныасымызды тереңдетуге, кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл қалыптасқан дәстүрге не болмаса хаттамаға сәйкес айтыла салатын бос сөз емес»,- деп атап өтті Қазақстан Сыртқы істер министрі грузиялық әріптесімен кездесу барысында.

Сонымен қатар министр Қазақстан мен Грузия өңір, жалпы әлем елдері бетпе-бет келіп отырған түрлі сипаттағы жаңа сын-тегеуріндерге бірлесе қарсы тұратындығын баса айтты.

«Бұл ретте халықаралық күн тәртібіндегі барлық негізгі мәселелерде Қазақстан мен Грузияның ұстанымдары сай келетіндігін атап өткен орынды. Біз көптеген халықаралық алаңдарда да біргеміз. Мүмкіншілікті пайдалана отырып, Грузия тәуелсіздігінің қайта қалпына келуінің 100 жылдығымен құттықтаймын», - деді Қайрат Әбдірахманов.

Грузия Сыртқы істер министрі Михаил Джанелидзе Қазақстанға бірнеше рет келгенін атап өтті.

«Тамаша елдеріңізде, ғажап қалаларыңызға тағы да келу мүмкіншілігінің болғанына қуаныштымын. Бұл қалаға алғаш келуім емес. Сондықтан да барлық уақытта қалаларыңыз бен елдеріңіздің қарқынды дамып келе жатқанына қуаныштымын», - деді ол.