Аталған сапар Қазақстан мен Қырғызстан Президенттерінің 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Астанада қол жеткізген келісімдерін жүзеге асыруға, сондай-ақ бақылау-өткізу пунктін маусымдық кезеңнен жыл бойы пайдалануға ауыстыру мүмкіндігін талдауға бағытталған.
Аталған шекара бекеті бақылау-өткізу пунктерін жабдықтау жөніндегі нормативтік талаптарға сәйкес бақылау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін заманауи техникалық бақылау құралдарымен жабдықталған. Жазда 27 мың адам аталған бекеттен өтеді.
Мемлекет басшыларының Ауқатты (Қазақстан Республикасы) - Кеңбұлын (Қырғызстан Республикасы) және Сартөбе (Қазақстан Республикасы) - Токмок (Қырғызстан Республикасы) атты екі бақылау-өткізу пунктерінің екі жақты мәртебесін көпжақтыға өзгерту туралы уағдаластықтары 2018 жылғы 17 тамызда VII Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңестің отырысында тиісті Хаттамаға қол қою арқылы жүзеге асырылды.
Бұл басқа өткізу пункттердегі жүктемені төмендетуге, сондай-ақ шетелдік туристерге Ыстықкөлге келуді ыңғайлы етуге мүмкіндік береді. Аймақтық туристік бағыттарды дамыту екі ел үкіметтері басымдықтарының бірі болып табылады. Екі мемлекеттің аумағы арқылы өтетін Хантәңірі шыңына бағытталған туристік маршрут өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын мысалы болып табылады.
Қазақстан-Қырғызстан ынтымақтастығының күн тәртібінде осы және басқа да түрлі салалардағы екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған мәселелер бар.