«Қайрат» Алматыда өтетін Конференциялар лигасының алғашқы матчына дайын ба

АЛМАТЫ. KAZINFORM – УЕФА Конференциялар лигасы аясында 22 қазан сағат 19:30-да «Қайрат» грекиялық «Панатинаикос» командасын Орталық стадионда қабылдайды.

Фото: Kazinform

Матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин мен алматылық команданың шабуылшысы Марк Гуаль өз ойларымен бөлісті.

Рафаэль Уразбахтин команда үшін ел біріншілігіндегі ойындар мен еурокубок матчтарының маңызы бірдей екенін атап өтті. Дегенмен халықаралық ойындарында футболшылардың ынтасы ерекше болатынын мойындады.

- Еурокубок матчтарына жігіттерді ерекше баптаудың қажеті жоқ. Олардың жинақы екені көрініп тұрады. Біз үшін бұл - мықты ойыншыларға қарсы өзімізді сынап, ойынымызды көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік. Әр сәтті бағалай білу керек, мұны жігіттер де түсінеді, - деді ол.

Тығыз күнтізбе мен команданың жағдайы туралы сұраққа жауап берген бапкер команданың толық демалып үлгермей жүргенін мойындады. Бірақ ойыншылардың мұндай жағдайға бейімделуі жақсарған.

- Жалпы алғанда кішкене шаршау бар. Ұтылып қалған кезде, әрине, физикалық тұрғыдан ғана емес, эмоционалды түрде де шаршайды. Бірақ жағдайға үйреніп келеміз. Егер өткен жылы бізге 2-3 күн сайын өткен матчтар ауыр тисе, қазір біз көбірек бейімделдік. Жігіттер ауыр жүктемелерді жеңілірек көтереді, әрі тәжірибелері де бар, - деді Рафаэль Уразбахтин.

Алдағы қарсыласына тоқталған алматылық бапкер грекиялық «Панатинаикос» клубының терең тарихы мен жетістіктерін құрметтейтінін айтып, командада жоғары деңгейлі ойыншылардың бар екенін атап өтті.

- Мәселен Де Врейді алайық, бұл ойыншының беделі көп нәрсені айтып тұр. Командада бірқатар жоғары деңгейлі ойыншылар бар. Бірақ кез келген қарсыласпен ойнауға болады, әрі біз үйде ойнаймыз. Біз қарсыласты құрметтейміз, бірақ ешкімнен қорықпаймыз. Бізге барынша батыл, тәртіпті ойнауға тырысып, өз мүмкіндіктерімізді пайдалану маңызды, — деді Рафаэль Уразбахтин.

«Қайрат» шабуылшысы Марк Гуаль мықты қарсыластарға қарсы ойнау мүмкіндігін артықшылық деп атады.

- Мен үшін мықтылармен ойнау — бұл артықшылық. Команда дұрыс жолда келе жатыр деп есептеймін. Осындай командалармен, Конференциялар лигасының топ-ойыншыларымен ойнаудың сәті түсіп жатқанына қуаныштымыз. Матчтардың қалай өтетінін көреміз, әр ойынға жеке дайындаламыз. Келесі кезеңге өту мүмкіндігі сонда белгілі болады, — деді ойыншы.

Еске салайық, «Панатинаикосқа» қарсы ойын «Қайрат» үшін осы маусымның УЕФА Конференциялар лигасындағы екінші, ал өз алаңындағы бірінші матчы. Турнирдегі алғашқы кездесуін сырт алаңда өткізген алматылықтар «Рига» командасымен тең түсті.