«Қайрат» бас бапкері «Левскиге» қарсы қарымта матчтағы жоспарын айтты

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Алматының «Қайрат» футбол клубы «Түркістан Аренада» Болгарияның «Левски» командасын қабылдайды. Қарымта кездесу алдында екі команда өкілдері матчқа дайындығы мен ойын жоспары туралы айтты.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

«Левски» бас бапкері Хулио Веласкес жауапты кездесу алдында ыстық ауа райына алаңдаулы екенін мәлімдеді.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

– Аптап ыстық – ескеретін фактор. Сол себепті матчқа ертерек келіп, ауа райына бейімделуге тырыстық. Дегенмен сылтау іздемейміз. Біз алаңға ойнау үшін шығамыз, – деді испаниялық маман.

Бас бапкер «Қайраттың» ойын мәнеріне де тоқталып, алматылық клубтың тактикалық өзгерістеріне дайын болу керектігін жеткізді.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

– Олар қарсыластың алаңында қысым көрсетіп, кейін орта немесе төмен қорғаныс шебіне ауыса алады. Сондықтан олардың орналасуына қарай шабуылда дұрыс жауап беруге тиіспіз. Доп қарсыласта болған кезде де сауатты қорғануымыз қажет, – деді ол.

«Левскидің» бразилиялық шабуылшысы Рейналдо алғашқы кездесудегі басымдықты сақтап қалу үшін команда соңына дейін күресетінін атап өтті.

– Бізде артықшылық бар, бірақ босаңсуға болмайтынын жақсы түсінеміз. Климаттық жағдай екі команда үшін де бірдей, сондықтан оған бейімделіп, ойнауымыз керек, – деді Рейналдо.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Ал «Қайрат» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин алғашқы кездесудегі жеңіліске қарамастан, команда қарымта матчта есе қайтаруға дайын екенін айтты.

– Кез келген жеңіліс жағымсыз әсер қалдырады. Әсіресе соңғы минуттарда гол жіберіп алғанымыз жігіттердің көңіл күйіне әсер етті. Дегенмен командада жігер бар. Қарымта кездесуде жеңіс үшін бар күшімізді саламыз, – деді Уразбахтин.

Бас бапкер «Қайраттың» алдағы ойында шабуылда белсенді әрекет ететінін жеткізді.

– Қарсыластың жылдам ойыншылары бар. Сондықтан шабуыл мен қорғаныс арасындағы тепе-теңдікті сақтап, сауатты ойын көрсетуіміз қажет, – деді Уразбахтин.

Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Команданың дайындығы туралы «Қайрат» ойыншысы Олжас Байбек те пікір білдірді.

– Ешқандай жарақат жоқ. Ойынға толық дайынбыз, – деді ол.

Бас бапкер жанкүйерлердің қолдауы командаға жігер беретінін айтты.

– Алматыдан ғана емес, басқа өңірлерден келетін жанкүйерлердің де бізді қолдайтыны қуантады. Олардың қолдауы бізге қосымша күш береді, – деді «Қайрат» бас бапкері.

Бұған дейін «Қайрат» Чемпиондар лигасында «Левскиге» есе жібергенін жазған едік.