«Қайрат» Чемпиондар лигасының плей-офф сатысына шықты

Фото: «Қайрат» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасымен қарымта ойын өткізді.

Айта кетсек, екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз голды 90-минутта алматылық клубтан Дастан Сәтпаев пенальтиден соқты.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Сондықтан алғашқы минуттан словакиялық футболшылар алға қарай ұмтылды. Десе де оған алматылық команда лайықты тойтарыс беріп жатты.

Ойынның 30-минутында қазақстандық клубтың қорғаушылары алаң ортасында өрескел қателікке бой алдырды. Нәтижесінде «Слован» сапынан Роберт Мак «Қайрат» қақпасын дәл көздеп, екі ойынның нәтижесімен таразы басын теңесті.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Екінші кезеңде қазақстандық команда гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Дегенмен өз мақсатына жете алған жоқ.

Екі ойынның нәтижесімен таразы басының тең болуынан ойын қосымша кезеңге жалғасты.

Қосымша кезеңде жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Енді «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.

Сондай-ақ 14 тамызда елордалық «Астана» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Швейцарияның «Лозанна» командасын қабылдайды. 

Фото: «Қайрат» футбол клубы

Алғашқы кездесуде қазақстандық команда қарсыласына 1:3 есебімен жол берген еді.