Қайрат Ералиев финалға шықты - ӘЧ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Гамбург қаласында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында 56 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық боксшы Қайрат Ералиев ағылшын боксшысы Питер Макгрейлден басым түсіп, финалға жолдама алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

21 жастағы британдық боксшының дүниежүзілік бокс сериясында біршама тәжірибесі бар. Жекпе-жектің алғашқы раундында Қайрат өзіне тән мәнерінен таймай, ауыр-ауыр екі-үш соққымен қарсыласын есеңгіретіп жіберді. Тұманды Альбионның намысын қорғап келген ағылшын былғары қолғап шебері де тырысып бақты. Алайда жылдамдығы мен қарымта шабуылы Қайраттан кемшін түсіп жатқаны анық еді.

Екінші раунд отандасымыздың басымдылығымен басталды. Гүрзі жұдырықты Қайраттың қарқынына қарсыласының қауқары жете алмай жатты. Соңғы раундта жеңіліп бара жатқан британиялық қарқынын үдетпек болған. Бірақ қарсы қимылға жауап ретіндегі қарымта соққы ағылшын үшін басымдықты қолға алуға мүмкіндік бермеді.

Еске сала кетсек, бүгін Германияның Гамбург қаласында бокстан әлем чемпионатының 7-ші күні өтіп жатыр. Осыған дейін 49 келі салмақта қазақстандық боксшы Жомарт Ержан кубалық Жонис Архилагосқа есе жіберіп, қола медальді місе тұтты. Бүгінгі айқасқа дейін Қазақстан ұлттық құрамасының 6 боксшысы жартылай финалға жолдама алған болатын.