«Қайрат» ФК жасөспірімдер футбол академиясына Т.Сегізбаевтың есімі беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қайрат» футбол клубының құрылысы аяқталуға жақындап қалған U14 - U19 жасөспірімдер академиясына даңқты қазақстандық футболды Сегізбаев Тимур Санжарұлының есімі берілді, деп хабарлады команданың баспасөз қызметінен.

«Әрлеу жұмыстары, сонымен бірге аумағын абаттандыру мен көгал төсеу жұмыстары аяқталуға жақын. Академия аумағында табиғи жабынды төселген стандартты көлемдегі 3 футбол алаңы болады. Ультра заманауи үрлемелі шатыры бар футбол манежінің құрылысы толығымен аяқталған. Кешенде оқу сыныбы, медициналық кабинеттер, сондай-ақ клуб қызметкерлеріне арналған кеңсе болады», - делінген таратылған ақпаратта.

«Қайрат» ФК жассөпірімдер академиясы жас футболшылар үшін нағыз футбол қалашығына айналатын болады. Тұрғын үй кешеніне Қазақстанның барлық өңірінен келген 150 оқушы сияды.

«Клуб үшін және Алматы қаласы үшін маңызды спорт кешенінің ашылуы қарсаңында біз «Қайрат» ФК жасөспірімдер академиясына Тимур Сегізбаевтың есімі берілетін зор қуанышпен хабарлаймыз», - делінген клуб ақпаратында.

«Қайрат» ФК делегациясы Тимур Санжарұлыны арнайы барып, академияға есімін беруге келісімін алған.