«Қайрат» футбол клубы Шора Сарыбаевтың отбасына көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылық «Қайрат» футбол клубы 94 жасына қараған шағында дүниеден озған белгілі филолог, профессор Шора Сарыбаевтың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат клубтың ресми сайтына сілтеме жасап.

ФК өкілдерінің хабарлауынша, Шора Сарыбаев - «Қайрат» футбол клубының ең белсенді жанкүйері болған.

«Профессор Шора Сарыбаев ұзақ жылдар бойы «Қайрат» ФК туралы тарихи деректерді жинақтаған адам. Осылайша, Шора Шамғалиұлы халықтың сүйікті командасы туралы бірегей материалдар топтамасын жасады. Оның ерен еңбегінің арқасында «Қайрат» ФК музейі көптеген тың деректермен толықты. «Қайрат» футбол клубы өзінің ең белсенді және құрметті жанкүйерінің дүниеден озуына байланысты Сарыбаевтар отбасына көңіл айтады», - деп хабарланды атақты клубтың ресми сайтында.

Еске сала кетсек, қазақ тілі диалектологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев 94 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Марқұммен қоштасу рәсімі 3 мамыр күні сағат 10.00-де Алматыдағы Ғылым Академиясы ғимаратында (Құрманғазы көшесі, 29-үй) өтеді.