«Қайрат» футболдан Қазақстан кубогінің ширек финалына жолдама алды

Фото: Фото: fckairat.kz
ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» өз алаңында Қазақстан кубогінің 1/8 финалында Алматының «Қайратын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылы оралдық клуб өз тарихында алғаш рет ел кубогінің финалына дейін жеткен еді.

Алайда чемпионатта сәтсіз өнер көрсетіп, бірінші лигаға түсіп қалған-ды.

Биыл Алматыда кубок үшін өткен бірінші ойында «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

Оралдағы қарымта матчта алаң иелері есеп ашуға бар күшін салды.

Әсіресе, бәсеке соңына таман жиі шабуылдағанмен, ештеңе өзгермеді. Матч 0:0 есебімен тең аяқталды.

Осылайша, «Қайрат» ширек финалға жолдама алды.

«Ақжайық» енді премьер-лигаға қайта оралу үшін барын салатын болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бірінші лигада «Ақжайық» Астанада «Жеңістен» жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.